Ақтөбелік белсенділер қала маңындағы ауылдарға жол салуды сұрады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласының әкімі құны 11,8 миллиард теңгеден асатын 40 жобаны қоғамдық кеңесте талқылады. Қоғам белсенділері қала маңындағы ауылдардың ұмыт қалатынын ашына жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы көлік кептелісін азайту мақсатында жолайрықтар мен көпірлер салынады. Қалалық әкімдік алдағы 3 жылға жобалық-сметалық құжат дайындап қойған. Барлығы 40 жоба үшін 11,8 миллиард теңге керек. Алайда бюджетте бұл қаржы жоқ. Сондықтан мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында инвестор табу қажет.

«Ақтөбе қаласында 650 шақырымнан астам жол болса, оның тең жартысында ғана асфальт бар. 2019 жылы 18 жоба аясында 4,2 миллиард теңге бөлініп, игерілді. Жыл соңына дейін 33 шақырым жол жөнделетін болады. Алдағы жылдары біз ұсынған 40 жоба іске асырылса пайыздық көрсеткіш 80-ге жетеді», - деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрлан Досов.

Сондай-ақ 40 жобаны бір жылда іске асыру мүмкін еместігі ашық айтылды. «Қала жолдарының проблемасын 1-2 көшені жөндеп шеше алмаймыз. Сондықтан инвестор шақырып, олардың үш жылда қаланы толық асфальттауын сұрап етіп отырмыз. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік ұсыныстары да қаралады. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» деген бар. Егер жоспар бойынша инвестор келмесе бюджетке сұраныс береміз», - деді әкімі Мавр Абдуллин.

Жиын кезінде қоғам белсенділері тек қала ішін емес, ауылдың да мәселесін назардан тыс қалдырмауды талап етті.

«Қала іргесіндегі Кеңес Нокин ауылында екі көшеге қиыршық тас төсеп берді. Ал қалған көшелердің бәрі балшық күйінде жатыр. Ауылдың ортасында орта мектеп бар. Балалардың мектепке баруы үлкен проблема болып тұр. Барыңыз да көріңіз. Депутаттар мен қала әкімдігін шақырамын. Ең болмағанда тас төсеп беріңіздерші», - деп өтінді қоғам белсендісі Ерболсын Көбенов. Бұл ұсыныс бойынша алдағы уақытта қиыршық тас төселуі мүмкін. Биыл қиыршық тас жеткізілсе, келер жылы асфальт жамылғысын төсеу арзанға түсуі ықтимал.

Айта кетейік, қалада жол жөндеу жұмыстарын дұрыс жүргізбеген бір компанияны әкімдік сотқа берді. Әзірге сот шешімі шыққан жоқ.

Соңғы жаңалықтар