Ақтөбелік баланың ауруханаға менингококк жұқпасымен түскені расталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Осы жылдың 10 маусымында «менингококк жұқпасымен түсті» деген күдікпен ауруханаға жеткізілген баланың диагнозы расталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазіргі уақытта науқас Облыстық клиникалық инфекциялық аурухананың жан сақтау бөлімшесінде емін жалғастырып жатқанын хабарлаймыз. Баланың жағдайы тұрақты. Динамикада денсаулығы жақсарып келе жатқаны байқалады. Онымен жақын жүрген барлық адамдар тексерілді. Оларға медициналық бақылау орнатылды. Тексеру қорытындылары теріс болып шықты. Ошақта эпидемияға қарсы шаралар толыққанды жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бүгін түске таяу Қазақстанда 2018 жылдың басынан менингококк инфекциясының 59 жағдайы тіркелгені хабарланған болатын. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында - 21 жағдай анықталып, оның 12-сі өліммен аяқталған (Алматы қаласында - 6 жағдай, Алматы облысында - 3 жағдай, Оңтүстік Қазақстан облысында - 2 жағдай және Қызылорда облысында - 1 жағдай).

Жағдай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында.

Аурудың алғашқы симптомдары (тамақ қызару, дене қызуының көтерілуі, бастың ауыруы, әлсіздік) пайда болған кезде дереу дәрігерлерге жүгініп, нұсқауларды мұқият орындау қажет.

Әртүрлі көпшілік мәдени шараларға қатысуды, жүзу бассейндеріне, сауда, ойын-сауық орталықтарына баруды шектеп, жеке гигиенаны сақтау керек.

Жұмыс орындарында бөлмелерді жиі желдетіп, ылғалды тазалық жұмыстарын жүргізіп отырған абзал. Тек қайнаған немесе бөтелкедегі суды қолдану қажет. Тоңу, ашығу, ұйқының қанбауы секілді жайларды болдырмауға тырысу керек.

Ауырып ем іздегеннен, оның алдын алу әлдеқайда жеңіл екендігін есте сақтаған жөн.

Соңғы жаңалықтар