Ақтөбелік ата-аналар шығармашылық орталықты сенімгерлік басқаруға беруге қарсы

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығында шу шықты. Ата-аналар орталықты сенімгерлік басқаруға беруге қарсы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі мемлекеттік шығармашылық орталығында қосымша білім алу 2-7 мың теңге аралығында болып бекітілген. Орталықта 1 мыңнан астам бала тәрбиеленсе, оның 40 пайызы тегін білім алады. Ал 5 пайызында арнайы жеңілдік бар. Орталықтың сенімгерлік басқаруға берілетінін естіген ата-аналар жиналыс өткізіп, өз қарсылықтарын білдірді.

«Мұнда 10 жылдан бері келіп, немерелерімнің қосымша білім алуына көмектесіп жүрмін. Орталық жылы, жайлы. Ешкім шағым айтып, ренжіген емес. Ал сенімгерлік басқаруға берілетінін естіп, жүрегіміз ауырып жүр. Бұл жер жекенің қолына өтсе, ақысы өсіп, біз қиналамыз», - деді ата-аналардың бірі Серікғайша Альпиева. 

Ата-аналар мәжіліс залына жиналып, өз қарсылықтарын ашық білдірді. Кейбірі бір емес, бірнеше баласын шығармашылық орталығына әкеліп жүр.

«Біз сенімгерлікке, жекеге беруге қарсымыз. Егер жекеге берсе, олар өз бағасын қояды. Ал бізде қомақты қаржы жоқ. Келешегімізді ойласақ, балаларға дұрыс тәрбие бергіміз келсе бәрі мемлекетте қалуы тиіс», - деді ата-ана Гүлжамал Черкасова. 

Қалалық шығармашылық орталығында тегін ағылшын тілі, шахмат үйірмелері бар. Орталық директоры Альфия Нығматуллинаның айтуынша, 71 үйірме болса, онда 52 педагог дәріс береді. Жыл сайын шағын жөндеу жүргізіледі. Қалалық әкімдік ата-аналардың мәселені дұрыс түсінбегенін, орталық сенімгерлік басқаруға берілмейтінін айтып берді. Бірақ жергілікті бюджет келер жылы балалар үшін мемлекеттік тапсырыс беруге көшеді.

«Қазіргі кезде қалада 15 қосымша білім беру мекемесі бар. Онда 15 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың сенімгерлік басқаруға беру қарастырылған жоқ, жекеге басқаруға берілмейді. Қалада 100-ден астам репетиторлық орталық бар. Барлығы 40 мыңнан астам бала сол жерде білімін жетілдіріп жүр. Біз сол жерлерге мемлекеттік тапсырыс беруді жоспарлап отырмыз», - деді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Күлпаршын Айдарханова.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде зираттар сенімгерлік басқаруға берілді. Кейін балабақшалар да сенімгерлік басқаруға тапсырылды. Қазір барлығы 9 балабақша сенімгерлікке берілді. 2018-2019 жылдың жоспары бойынша тағы 10 бақша 5 жылға сенімгерлік басқаруға өтеді. 
null 

null 

Соңғы жаңалықтар