Ақтөбелік ардагер қытайлық майдандас достарын іздеп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА осыдан бірнеше жыл бұрын Қытай үшін соғысқан 90 жастағы ақтөбелік Борис Конюшенко, оның 1949-1951 жылдары Цзинань қаласында халық армиясының әскери-әуе күштері сапында бірге қызмет еткен әрі майдандас достарын іздеп жатқаны туралы жазған болатын.

Борис Конюшенко Қытайдың халық азат ету Әскери-әуе күштері құрылған тұста қызмет етті, ол чанкайшылдармен соғысқан жауынгерлік эскадрильяда сарбаздарға әскери істің машықтарын үйретті. Достықтың белгісі және қытай халқына көмек көрсеткені үшін оны Мао Цзэ Дунның өзі естелік медальмен марапаттады.

Аға сержант Конюшенконың Қытайдағы тіпті оның айналасында жүргендердің өзіне де беймәлім әскери қызметі 1949 жылы басталып, екі жарым жылға созылды. Оның алдында Ақтөбедегі №45 мектепті бітіріп, теміржол депосында, механика зауытында, мұнай комбинатында (бұрынғы «Геотехника» зауыты), «Ақтөберентген» зауытында жұмыс істеді. 1946 жылы ол әскерге шақыртылып, Мәскеу авиациялық училищесіне оқуға жіберілді. Одан авиациялық жабдықтау жөніндегі техник, аға сержант Борис Конюшенконы Батыс Украинаға жіберді.

1949 жылы сәуірде Борис Ивановичтің тағдыры күрт өзгерді. Оны бір топ әскермен бірге Львовқа жоғары шенділермен сұхбатқа жіберді. Арнайы комиссия өңшең жоғары шенділерден құралды, ең берісі майор болды. Түрлі тақырыптар қозғалды, бірақ бір ғана сұрақ: осының бәрі не үшін керек деген сауалдың басы ашық еді. Алайда ол кезде сұрақ қоюға болмайтын. Әскерлердің киім өлшемдерін алып, суретке түсіріп, Киевке жіберілді. Ол жерде басқа бір арнайы комиссияның офицерлері өмірбаяны, ата-анасы, туыстары, сотталған-сотталмағаны, т.б. сұрады.

Киевтен Мәскеуге келіп, қонақүйге орналастырылды. Мамыр күндерінің бірінде оны көлікке отырғызып, Мәскеу маңындағы орманда орналасқан әскери бөлімге алып келді. Сөз алған генерал: «Сіздер Қытайға арнайы тапсырманы орындау үшін аттанасыздар» деді. Сосын осы елдегі әскери, экономикалық, саяси жағдаймен таныстыра бастады. КСРО коммунистік Қытайға материалдық көмекпен қоса, мыңдаған әскери мамандар мен сарбаздарды жіберді.

Ол кезде Қытайда бірнеше саяси күш үздіксіз күрес жүргізіп жатқан. ҚКП және Мао Цзе Дун басқарған патриоттық майдан өз алдына реакциялық Гоминдань режимін құлатып, демократиялық Қытай құру үшін күресті. Ал Гоминдань режиміне АҚШ қолдау көрсетті. АҚШ Жапония тізе бүккеннен кейін 110 мыңнан астам әскерін Қытайда ұстады. Олар Гоминдань дивизияларын жаттықтырып, әскери техникамен қамтамасыз етіп тұрды. АҚШ-тың қолдауына арқа сүйеген режим Қытайда азамат соғысын бастады. Мәскеудің ұстанымы бойынша, бұл Қытайдың ішкі саясаты еді. Ал іс жүзінде КСРО коммунистік Қытайға әрі материалдық көмек көрсетті, әрі мыңдаған әскери мамандар мен солдаттарын жіберді.

Сондай құрылымдардың бірінде Борис Конюшенко болды. Оларды Қытайға жібермес бұрын әбден дайындады. Әскерлер тапсырма алғаннан кейін, Мәскеуге жіберіліп, бүкіл құжаттары алынды. Олардың әрбіріне үш сыпыра азаматтық киім-кешек берілді, артынша «азаматық киіммен жүруге дағдыланыңдар» деген тапсырма келді.

Қытайға дейін ҚШТЖ арқылы жетті. Алдымен Читаға дейін, кейін Отпор стансасына дейін, сол жерден қытай вагондарына отырып, тар жолмен Харбинге жетті. Одан кейін Бейжіңге келіп, сол жерден ел шығысына Цзинань қаласына жіберілді.

«Ол кезде Қытайдың жағдайы КСРО-дағыдан да нашар болды, - деп еске алады Борис Иванович, - шамамен біздің азаматтық соғыс жылдары кезеңіндегідей болды. Авиаэксадрильяда қызмет еттім. Қытайларға өз авиациясын құруға жәрдемдесу міндеті тұрды. Жас жігіттерге ұшақ, аэродром жабдықтарын зерделеуге жәрдемдестім. Аэродром үшін сай келетін алаң таңдап, ұшу жолақтарын тазалап, қажетті жабдықтар орнатқан соң ұшақтар ұшырыла бастады. Қытай сарбаздары өте еңбекқор, білуге құмар жастардан құралды. Қытай ұшқыштары Ла, ЯК - кеңес ұшақтарында ұшуға дағдыланды. Біздің нұсқаушылар оларды жерде, нағыз әуе айқастарында қалай соғысу қажеттігіне үйретті».

Кеңес ұшқыштарының Қытайдың халық азат ету армиясының сапында ұрысқа қатысуы аса құпия болды. Сондықтан оларға парашют берілмеді, жеке басын растайтын құжаттары болмады, олар аты-жөндерін де атамайтын.

Осы екі жылда оларды туыстары да жоғалтты. «Соғысқа жіберілгендерге» үйлеріне қашан қайтатындары айтылмады, оларға хат жазуға, біреумен араласуға тыйым салынды, қала сыртында тіршілік етті. Борис Иванович қалаға аудармашымен бірге бір-ақ мәрте, жейде сатып алу үшін шықты. Дүкендердің бірінде өзіне ұнаған жейдені тапқан соң, оған айтылған бағаны төлеу үшін қалтасынан ақша алып соза бергенде, қасында жүрген өзге сатып алушылар оған әлдене деп кейіді. Аудармашы оған бұлай етуге болмайтынын, міндетті түрде саудаласу қажеттігін ескертеді. Аң-таң болған Конюшенко кейіннен, елге оралған соң, сол оқиғаның зардабын да татуы мүмкін еді.

1949 жылғы маусымнан 1951 жылғы тамыз аралығында Борис Конюшенко Қытайда болды. Осы уақыт ішінде ол 30 шақты адамды әскер ісіне машықтандырды. Үш ұшқыш досын жоғалтты, олар соғыс тапсырмасынан оралмады. Қытай тарихында ҚХАӘ ӘӘК ресми түрде 1949 жылы құрыла бастады, демек, біздің батырдың бұған тікелей қатысы бар. Қызмет уақытында Борис Ивановичтің қытай сарбаздары арасында достары да болды. Кетер алдында олар ұстазына қолтаңба қойып, фотоларын сыйлады. Олар тірі ме екен? Тағдырлары не болды? Қарт ұшқыш Борис Иванович соны білгісі келеді!

Бұрыннан неге іздемеді деген сұрақ та туындауы мүмкін. Біріншіден, құпиялық режімі: Қытайдан кеткен кезде батыр әскери құпияны 50 жыл жарияламауға қолхат берді. Оның Қытайдағы өмірінен аз адам ғана хабардар болды.

Борис Ивановичтің Қытайдағы қызметін құпия сақтауына тағы бір себебі болды. Елге оралған соң араға көп жыл салып, күндердің бірінде Борис Иванович дүкенде саудаласу қажет деген сөзді айтып қалады. Тура соның ертеңіне оны басшылық шақырып алады. Барса - кабинетте КГБ қызметкері отыр. Ол Борис Ивановичтен дүкендегі оқиға, Қытай туралы сұрастыра бастайды. Бірақ Конюшенко ештеңе айтпайды. Егжей-тегжейлі тексеріс ештеңе бермеген соң, Борис Ивановичті енді ешкім мазаламайды, дегенмен сол оқиғадан кейін Борис Иванович Қытай сапарын тіпті еске алмағанды жөн санайды. Тіпті, елге оралғанына жетпіс жылға жуықтаса да, «АВ» тілшісіне өзінің өмірі туралы айта отырып, «мұны айтуға бола ма» деп сұрап отырды.

Бейжіңнің Тяньаньмэнь алаңында сатып алған поршеньді эбонит автоқаламы мен 1951 жылы ақпанда алған медалі (Қытайда Халық-азаттық әскері жанындағы ерекше әскерді құрғаны, достық, кеңес мамандары қытай әскеріне көмек көрсеткені үшін) Қытайдағы қызметін Борис Ивановичтің есіне салатын бірден-бір жұрнақ болып қалды. Оның №100747 куәлігіне ҚХР Орталық халық үкіметінің Революциялық әскери комиссиясының төрағасы Мао Цзэдун қол қойған.

Борис Иванович бірге қызмет еткен қытайлық майдандастарынан хабарласуды өтінеді. Олар туралы ақпарат Отандарына оралар кезде сыйға берген фото сыртындағы иероглифте жасырын жазылған болар. Бәлкім, суреттен өздерін танып қалар. Борис Иванович екінші қатарда сол жақта жетінші болып тұр.

null null

Автор: Мирал Джармухамбетов

Соңғы жаңалықтар