Ақтөбеге қосымша 570 тонна сұйытылған газ бөлінді
2017 жылғы 29 наурыз 19:49

Ақтөбеге қосымша 570 тонна сұйытылған газ бөлінді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Наурыз айына тағы 570 тонна сұйытылған газ бөлінді. Бүгін Ақтөбе облысының әкімдігі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ және «ҚазақОйл» ЖШС-імен келісімге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында бір аптадан бері газ тапшылығы мәселесі шешімін таппай тұрған болатын. Бүгін әкімдік пен газ өңдеу компаниялары бас қосып, қосымша 570 тонна сұйытылған отын бөлуге келісті. Алғашқы сұйытылған газ қаладағы тарату бекеттеріне жеткізілді. Қазіргі уақытта 24 газ құю бекетінде отын қолма-қол ақшаға сатылып жатыр. Кезек те азайды.

«Облыста біраз газ құю бекеттері талон режіміне көшіп, қиындықтар туды. Осы мәселеге байланысты әкімдік пен газ өңдейтін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен «ҚазақОйл» ЖШС бір келісімге келді. Осы айға тағы 570 тонна газ жеткізіліп жатыр. Ал Үкіметтен жіберілген екі адам тексеру жұмыстарын жалғастырады. Газ тапшылығының неден туындағаны тағы да анықталып, қосымша хабарланатын болады»,- деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жанат Жұбанышев. Оның айтуынша, талон жүйесін алып тастау мүмкін емес. Себебі, заңды тұлғалар компанияға қажетті сұйытылған отынға алдын ала тапсырыс беріп, өз-өздерін қамтамасыз етіп отыр. Олардың арасында қоғамдық тасымалдау компаниялары да бар.

Еске салсақ, Ақтөбедегі газ тапшылығы мәселесі Үкімет отырысында талқыланып, Премьер-Министр Бақытжан Сағантаев негізгі себебін анақтауға тапсырма берген болатын. Сол кезде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Ақтөбеге екі қызметкерін жіберіп, текрсеру жұмыстарының басталғанын мәлімдеді. Ал облыс әкімі Бердібек Сапарбаев басқарма басшыларына алдағы уақытта мұндай мәселенің қайталанбауын қадағалауды тапсырды.

Jańalyqtar

MURAǴAT