Ақтөбеден түйе мен қой жүні Моңғолияға экспортталады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік кәсіпкер қой мен түйе жүнін қабылдап жатыр. Жоспар бойынша ол жылына 200 тонна түйе, 500 тонна қой жүнін Моңғолияға экспорттайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе шаруалары үшін тағы бір мәселенің түйіні шешіледі. Қой қырқып, жүнін қайда жіберерін білмейтін шаруалар енді әр келісін 50-60, ал түйе жүнінің келісін 700-750 теңгеге сата алады.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мавр Абдуллиннің айтуынша, жергілікті кәсіпкер жүнді экспорттауға шешім қабылдап, Моңғолиямен байналыс орнатты.

«Қазіргі күні жүнді жинау басталды. Алдағы уақытта жүнді экспортқа шығарамын. Ветеринариялық инспекциядан арнайы рұқсат алып, келер аптада жұмыстың жаңа сатысына шығамыз. Жүнді Моңғолиядағы жүн өңдеу фабрикасына жіберемін. Келісімшарт жасалып, жылына 200 тонна түйе, 500 тонна қой жүні тасымалдануға мүмкіндік алдық»,- деді кәсіпкер Қайрат Құттымұратов.

Айта кетейік, жүнді теміржол арқылы тасу мүмкін болмады. Себебі, фабрика теміржол бойында орналаспаған. Екі ел арасындағы қашықтық 3 мың шақырымды құрап отыр.

«Көлік арқылы тасымалданған соң фабрика жол шығынының жартысын өтейтін болды. Жүн жуылмайды, тек нығыздалады. Бұл бастамасы ғана. Алда жүн көлемін көбейту үшін Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облыстарынан қабылдау бекетін ашқым келеді»,- деді кәсіпкер.

Соңғы жаңалықтар