Ақтөбедегі ЖОО-ға бомба қойылды деп хабарлама жіберген күдікті 10 айдан кейін ұсталды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық Полиция департаменті қаладағы жоғары оқу орындарына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламаны электронды поштаға жіберген күдіктіні анықтады. Ол БҚО-ның оқушысы болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға былтыр мамыр айында болған. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұловтың хабарлауынша, ол кезде өңірдегі педагогика, медицина саласына бағытталған жоғары оқу орындарымен қатар құқыққорғаушыларды тәрбиелейтін институттың ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарланған. Шұғыл тексеру кезінде ештеңе табылмады. Кейін күдіктіні іздестіру жұмыстары жүрді.

«Барлық шұғыл қызметтер, саперлер мен кинологтер қызметтік иттерін алып оқиға орнына барды. Қызметкерлер мен студенттер эвакуацияланды. Жарылғыш құрылғылар табылған жоқ. Облыс ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында Батыс Қазақстан облысы мектептерінің бірінің 10-сынып оқушысын анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Оқушы істеген ісін мойындады. Полицейлер компьютерді тәркіледі. Құқық қорғау органдарында осындай қылмыстарды анықтауға және ашуға арналған жаңа техникалық құралдармен жабдықталған арнайы бөлімшелер бар. Ақтөбе облысы Полиция департаменті терроризм актісі туралы жалған хабарлама жасағаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделгенін және бұл қылмыс ауыр қылмысқа жататынын ескертеді. Егер жалған терроризм туралы хабарламаны кәмелетке толмаған бала жіберсе, онда ата-анасы жазаланады», - деді Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Оның айтуынша, арнайы қызметтердің жалған қоңырауға жұмсаған шығындары жасөспірімнің ата-анасынан өндіріледі.

Еске салсақ, 2021 жылдың 1 қыркүйегі күні бірнеше мектепке бомба қойылғаны туралы хабарлама түсті. Арада екі жылға жуық уақыт өткенімен, күдікті әлі анықталмады.


Соңғы жаңалықтар