Ақтөбедегі жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақтың жүргіншілер жолына кіріп кетіп, серуендеп жүрген екі адамды қаққан жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше кешкілік сағат 21:10-да 19 жастағы бойжеткен «SUZUKI Xi7» көлігімен Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақтың жаяу жүргіншілер жолында екі адамды қағып кетті. Оқиға орнында 19 жастағы қыз қаза болды.   Осы оқиғаға қатысты облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі қылмыстық істің қозғалғаны туралы ақпарат таратып отыр.

«Кеше кешкілік 19 жастағы қыз 2002 жылы шыққан «SUZUKI Xi7» көлігімен Тұңғыш Президент атындағы саябақтың жаяу жүргіншілер жолына шығып кеткен. Қаланың бас даңғылымен келе жатқан жүргізуші қауіпті жағдай туындағанына қарамастан жылдамдықты бәсеңдетпей, серуендеп жүрген 19 жастағы қыз бен жігітті қағып кетті. Оқиға орнында бойжеткен қаза болды. Ал жігіт бірнеше жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Жарақат алған жігіттің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Сонымен қатар, көлік жүргізушісі де аурухана жатқызылды», - деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша іс қозғалды. Егер жүргізушінің кінәсі толық дәлелденсе, ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Облыстық ІІД таратқан мәліметке сүйенек, көлік жүргізуші бойжеткен төрт ай бұрын ғана жүргізуші куәлігін алған екен. Қазіргі уақытта бірнеше сараптама тағайындалды. Куәгерлерден жауап алу басталды.

Соңғы жаңалықтар