Ақтөбедегі жол белгілерін орнату жұмыстарындағы олқылықтар айтылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында жол қауіпсіздігі сақталмаған 9 жол айрығы бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жол-көлік оқиғасы болатын аумақтарды назарға алып, жол белгілерін өзгертуге ұсыныс жасады. Дегенмен полиция мен қалалық әкімдік арасында байланыс жоқ, жол белгілерін орнату, ауыстыру қосымша қаржыны талап етеді. Ал осы уақытта Ақтөбе қаласындағы тоғыз жерде қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген.

«Жол-патрульдік қызметі көтерген мәселе көп. Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасын ету бағдарламасы аясында жол белгілерін, бағдаршамдарды күту, қалпына келтіру жұмыстарына жыл сайын қаржы бөлінеді. Ал жаңа жобаны іске асыруға ақша аз аударылып тұр. Мәселен, автобус тоқтайтын орынға биыл 5 миллион теңге бөлінді. Қаланың бас даңғылындағы бағдаршамды алып тастап, жаңа аялдама салу жұмысына ол ақша жетпейді. Маусым, шілде айында мердігер компанияға ақша аудара алмадық, бірақ олар өз жұмысын атқарып жатыр. Қазір бояу алатын ақша таппай отырмыз, қазынашылықта түсім, ақша жоқ», - деді ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Руслан Төреғали.

Полиция қызметкерлері әкімдікке ескерту, тіпті ұсыныс беруден шаршаған екен. Енді олар облыс әкіміне қауіпсіздік үшін қажетті жұмыстарды тізбектеп бермек.

«Қазір жиналып, келер жылдың жұмысын жоспарлауды ұсынамын. Қаңтарда мемлекеттік тапсырысқа кірсе, нақты жұмыс атқара аламыз. Қалада қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген жолдар бар. Жол белгілерін орнату жұмысы төрт айдан бері тоқтап тұр. Себебі жұмысты атқаратын мердігер мекеме жоқ. Егер жол-көлік оқиғасы болса, оған кім жауап беретінін де білмейміз», - облыстық полиция департаменті жол және техника инспекция бөлімінің бастығы Еркін Өтегенов.

Айта кетейік, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бағдаршамды күтіп ұстау, жол таңбаларын салу, жол бергілерін орнату, күтіп ұстауға жыл сайын ақша бөлінеді. Бағдаршамдар үшін бір жылда 40 миллион теңге шамасында қарастырған. Оған күтіп ұстау, ауыстыру, техникалық қызмет кіреді. Жол таңбаларын салуға 100 миллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Дәл сондай қаржы жол белгілерін салуға қарастырылған.
null

«Биыл да сондай қаржы бөлінді. Конкурс өткізілді, ұтып алды. Тек жол белгілерін орнату бағыты бойынша келісімшарт бұзылып жатыр. Техникалық қателік болып, қайта онкурс жарияланды», - деді ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Руслан Төреғали.

«Ақтөбе - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі бұл мәселені жергілікті әкімдік пен полиция қатар отырып шешу, нәтижелі жұмыс істеу үшін ортақ жиын өткізуді ұсынды. Бұл ұсыныс қалалық мәслихатта қаралуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар