Ақтөбедегі жер қатынастары бөлімі мүгедектер үшін қолжетімсіз

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің бірнеше ауданындағы жер қатынастары бөлімінің мамандары алдына келген тұрғындардың сұрағына жауап бере алмады. Бұл мәлімет «жасырып сатып алушы» әдісімен өткізілген қоғамдық бақылауда анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті «Кадам Plus» мүгедек балалар қоғамдық ұйым өкілдерімен бірлесіп мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін тексерді. Бұл жолы «жасырын сатып алушы» әдісімен Ақтөбе қаласы, Алға, Мұғалжар, Темір және Ойыл аудандарының жер қатынастары бөлімдері бақылауға алынды.

«Шара барысында жер қатынастары бөлімдерінде азаматтар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы жағдайдың жоқ екені анықталды. Оның ішінде пандус, қызметкерді шақыру батырмасы, салқындатқыш, қызмет көрсетуге арналған арнайы бөлме жоқ. Сонымен қатар, қызмет берушілердің кабинетінде әкімшілік кедергілер бар және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған әжетханалар санитарлық талаптарға сәйкес келмейді»,- деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.

Бақылау кезінде мемлектетік қызметкерлер жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру сауалдары бойынша қызмет алушыларға нақты ақпарат бере алмады. Бұл сұрақтың бәрін олар мемлекеттік корпорацияға жолдап отырған. Тексеруден соң департамент жер қатынастары бөлімдеріне мемлекеттік қызметтер заңнамасын сақтау және халыққа қолайлы жағдай жасау бойынша тиісті ұсыныстар берді. 

Соңғы жаңалықтар