Ақтөбедегі теракт бойынша үкім 28 қарашада шығады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі теракт бойынша сот үкімі 28 қарашада шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Үкімді жария ету 2016 жылдың 28 қарашасына сағат 15-00-ге жоспарланып отыр. 29 азаматтың 9-ына бірқатар қылмыстар бойынша, соның ішінде теракт жасады деген айып тағылып отыр. Қалған 18-не қылмыс туралы құзырлы органдарға хабарламау (ҚР ҚК 434 бабы), 2-уіне қылмысты жасыру әрекеттері (ҚР ҚК 432 бабы) бойынша айып тағылуда»,-делінген хабарламада.

Сонымен қатар хабарламада Ақтөбеде 2016 жылдың 5 маусымы күні болған террористік актіге қатысқан Абдрахманов пен өзге де азаматтардың қылмыстық істері бойынша, сот 21 қараша күні айыпталушылардың соңғы сөздерін естіді де кеңесу бөлмесіне шығып кеткендігі айтылады.

«Бірқатар қылмыстар жасаған, соның ішінде террористік акт ұйымдастырды деп сотталғандар мен айып тағылған азаматтар істеген әрекеттеріне өкінетіндерін айтып, сот өкілдеріне өмір бойына қамауға алу туралы үкім шығармау жөнінде өтініш жасап, отбасылары мен балаларына қайтқылары келетіндіктерін айтқан. Сотталған А.Ж.Жұбанов пен А.А.Абдрахманов (террорлық актінің қатысушылары) та сот қызметкерлерінен қатаң үкім шығармауды сұрады.

Қылмыс туралы құзырлы органдарға хабар бермегені және қылмысты жасырғаны үшін сотталғандар (Гацаевтан басқасы) сотта істеген әрекеттерін мойындап, соттан бас бостандығынан айыру жазасын қолданбауды сұрады. Р.М.Гацаев болса сот өкілдерінен өзін ақтап шығуды сұрады»,-делінген хабарламада.

Айта кетейік, Ақтөбеде теракт 5 маусым күні болды. Террористердің тобы «Паллада» және «Пантера» атты қару-жарақ дүкендері мен №6655 әскери бөліміне қарақшылық шабуыл жасап, соның салдарынан 8 адам мерт болды. Олардың 3-уі әскери қызметкерлер. Терроризмге қарсы бағытталған операция барысында 18 адамның көзі жойылып, 9 адам құрықталды. Олардың барлығы қамауда отыр және олардың барлығы өмір бойына бас бостандықтарынан айырылулары мүмкін.

Соңғы жаңалықтар