Ақтөбедегі теракт бойынша басты сот талқылауы 24 қазанда өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі теракт бойынша соттың басты талқылауы 24 қазан күнгі сағат 09:00-ге белгіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қылмыстық іс жүргізу заңының 29-бабы талаптарына сәйкес, зардап шегушілердің, куәгерлердің және процеске басқа да қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, сонымен қатар мемлекеттік құпияларды (режімдік нысан әскери бөлімге шабуыл эпизоды бойынша) қорғау мүддесіне орай, іс бойынша тыңдау жабық түрде өтетін болады», - делінген Ақтөбе облыстық соты таратқан ақпаратта.

Оған сүйенсек, Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта 5 маусымда орын алған лаңкестік актісі бойынша қылмыстық іске байланысты алдын ала тыңдау өткен.  Отырыс Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Нұрлан Сұлтановтың жетекшілігімен өтті. Онда  аталған қылмыстық іс бойынша сотқа берілген  29 сотталушы, 27 қорғаушы мен мемлекеттік айыптаушы тыңдалған. Күдіктілердің 9-ына бірқатар қылмыстық құқықбұзушылық, оның ішінде террористік акті жасады деген айып тағылған. Ал 18-і дайындалып жатқан қылмыс жайында алдын ала ақпарат бермеді, ал 2-еуі қылмысты жасырды деген күдікке ілігіп отыр.

Қылмыстық іс бойынша 215 сараптама жүргізілді. Зардап шеккендер қатарында 101 адам бар. Оқиға орнында түсірілген видеожазбалардан мәліметтер банкі құрылды.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 5 маусымында Ақтөбе қаласында лаңкестік орын алды. Бір топ лаңкес қаладағы «Паллада» мен «Пантера» қару-жарақ дүкендеріне және №6655 әскери бөліміне шабуыл жасаған. Соның салдарынан 8 адам, оның ішінде 3 әскери қызметші қаза тапты. 30 адам, оның ішінде 14 бейбіт тұрғын жарақаттанды.

Соңғы жаңалықтар