Ақтөбедегі теннис орталығында қазақ балалары кемсітушілікке ұшырап жүр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі теннис орталығында қазақ тілін білетін бірде-бір жаттықтырушы жоқ. Баласын үлкен теннис үйірмесіне берген ата-аналар екі жыл өтсе де ойын ережесін үйрене алмағанын айтып, шағымданған болатын. Бақсақ, онда мемлекеттік тілді білетін, сол тілде балаларды жаттықтыратын бірде бір маман жоқ болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі Кірпішті ауданында орналасқан теннис орталығы 2009 жылы пайдалануға берілген еді. Сол жылы күзде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа нысанның құрылысымен танысып, тіпті, жас ракетка шеберімен теннис ойнады. Содан бері демалыссыз жұмыс істеп келе жатқан орталықта облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылды. Өкініштісі, орталық қазақ балаларына қол емес болып тұр. Өйткені орыс тілін білмейтін, бұл тілде сөйлей алмайтын балалар теннис орталығынан ештеңе үйрене алмайды.

«Балам екі жылдан бері теннис үйірмесіне қатысып жүрген еді. Жақында деңгейін байқау үшін конкурсқа қатыстырған едік. Көріп, ашуландым. Ол қарапайым ойын ережесін білмейді, түсінбейді. Басында құштарланып еді. Кейіннен теннис үйірмесіне баратын кезде көңілі түсіп, тартыншақтай беретін болды. Барғысы келмейді. Мән бермеген едік. Кейін сұрай келе оның бұл ойынға қызыққанымен, жаттықтырушылардың тілін түк түсінбейтінін білдік. Бірде-бір жаттықтырушы қазақ тілінде дәріс бермейді екен. Бұл қалай? Қазақ балаларын кемсітушілік емес пе? Сонда қазақ балалары үшін үлкен теннис корты жабық па?»,- дейді журналистерге шағымданған ата-ана.

Осы мәселеге үңілсек, шағым орынды екенін аңғардық. Ақтөбедегі теннис орталығында қазақ тілінде дәріс беретін бірде-бір жаттықтырушы жоқ. Орталық директоры Раушан Мантеева орыс тілін түсінбейтін, білмейтін балалардың бар екенін жасырмады. Ал олармен жұмыс қалай болады? Ол жағы да түсініксіз. Тіпті, қазір былай тұрсын алдағы 6-7 жылда қазақ тілін білетін жаттықтырушы келеді деген үміт те жоқ секілді.

«Рас. Бізде қазақ тілінде дәріс беретін жаттықтырушы жоқ. Бір жаттықтырушымыздың ұлты қазақ, бірақ қалада өскен соң өз ойын қазақ тілінде жеткізіп айта алмайды. Теннис еліміз бойынша ең жас спорт түріне жатады. Бізге, жалпы Қазақстанға келетін жаттықтырушылар шетелден шақырылады. Сондықтан тілдік қиындықтар туындап тұр. Бұл мәселені Теннис федерациясына айтып, жеткіздік. Ақтөбедегі мәселені шешу үшін әлі 6-7 жыл уақыт керек. Біз өз балаларымызды тәрбиелеу үшін ұзақ жыл тер төгеміз. Ал қазір жаттықтырушымыз ереженің бәрін орысша түсіндіреді. Тек доп, ат, тұр, жүр деген сөздерді біледі. Терминологиясын айта алмайды. Сондықтан өзі ойнап көрсетеді, допты ұрады. Түсінген балалар жанындағы түсінбеген балаларға айтып, жеткізеді. Қиындық туса, орталықтағы әдіскерлердің көмегіне жүгінеді»,- деді орталық директоры Раушан Мантеева.

Айта кетейік, Ақтөбедегі теннис орталығында 250 бала жаттығады. Барлығы 7 жаттықтырушы бар. Оның үшеуі Өзбекстаннан келген. Орталық жаттықтырушыларға қазақ тілін білу керек деген талап қоймайды екен. Сондықтан болар, 8 жылдан бері бірде-бір қазақ тобы ашылып, жұмыс істемеген. «Қазақтарға орысша үйрену оңай ғой. Өзге ұлт өкілдеріне қазақша үйрету қиын болып тұр. Бірақ үйреніп жатыр»,- деді Теннис орталығының директоры Раушан Мантеева. 

Соңғы жаңалықтар