Ақтөбедегі тасқын су ортасында қалған үйлерде кімдер тұрады

None
None
  АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында ондаған бау-бақша ұжымындағы қарапайым тұрғындардың жалғыз баспаналары су астында қалды. Қазір 800-ден астам адам, оның ішінде 300-ден астам бала мектептерге орналастырылды. Арасында мүгедектер мен бесіктегі балалар бар.

Ақтөбе қаласындағы су тасқынына дайындық жұмыстары жан-жақты жүргізілгенімен, жергілікті билік «табиғи апатқа қарсы тұра алмадық» деп отыр. Қазіргі уақытта 40-тан астам бау-бақша ұжымындағы 700-ге жуық үй су ортасында тұр. Құтқару жұмыстары кезінде 2 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Олардың тең жартысы туыстарын жағалап, мектептерге барудан бас тартқан. Ал қаладағы 9 мектепте қазір 800-ге жуық адам тұрады.

1  

Мәселен, №26 орта мектепке баспанасы суда қалған бір отбасы 15 сәуір күні жеткізілген. Алты жанды орналастырған соң бұл жерге күнде ондаған отбасы келді. Олар қаладағы Махамбетовка ауылының тұрғындары.

«Сәуірдің 16-17 күндері адамдар толассыз жеткізілді. Қазір мектепте 156 адам жатыр. Оның 69-ы бала. Мұнда орыс мектебі. Сондықтан арнайы автобус ұйымдастырылып, №36 орта мектепке тасымалданып жатыр. Басқа мектептің балалары мұғалімдердің бақылауымен №47 орта мектепке жіберілді. Баспанасы суда қалған адамдарға студенттер, еріктілер келіп, көмектеседі. Полиция мен дәрігерлер демалыссыз, үзіліссіз кезекшілікте тұр. Психологтар да көмекке келді»,- деді №26 орта мектептің директоры Ләззат Тәжібаева. Бұл мектеп баспанасыз қалған адамдарға үш кабинет пен спорт залын босатып берген. Алғашында қарапайым адамдар әкелген азық-түлік пен заттар мектепке тасымалданса, кейін оның бәрі арнайы қорға жеткізіліп жатыр. Ал мектеп директоры қиын кезде 18 сағат бойы жұмыс істеп, келушілерді қабылдап, тексеруге қатысты.

«Халық «ертең қайда орналасамыз» деп отыр. Бәрін мазалайтыны тек осы сұрақ. Тамақ, жатын орны, қажетті заттары бар. Тегін моншаға апарды. Үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Ер адамдардың көбі үйлерін сыртта күзетіп жүр. Әйелдері мен балалары осы жерде. Жағдайлары мәз емес», - деді Ләззат Тәжібаева.

10 айлық Раяна су басқан үйінде қалған бесігін екі күн бойы іздеді

null   

№26 орта мектепке қоныстанғандарды екі күн бойы ұйқысынан айырған 10 айлық Раяна ақтөбеліктер үшін аңызға айналды. Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы мектепке барып, «қандай көмек қажет» деп сұрағанда Саодатхан Мырзабаева бесік сұратты. Себебі, бесік болмай, қызы мен өзі екі күн бойы көз ілмеген. Мырзабаевтар отбасы Ақтөбеге Қарақалпақстаннан қоныс аударған.

«Төрт балам бар. Тұңғышым бесікке жатпады, ал өзгесі бесікте 12 сағат бойы алаңсыз ұйықтады. Раянаның бесігі су ортасындағы үйде қалды. Оны әкеле алмадық. Екі күн бойы қызым ұйықтай алмады. Аяғыма салып, тербеттім, бір секунд тоқтап, қалғып кетсем, оянып кетеді. Кейін қажет заттарымыз туралы сұрағанда бесікті айттым. Біреуіне сыймай қалдық, біреуінің қажетті заттары болмады. Үшіншісін Раянаны бағып, маған көмектескен медбике апа әкелді. Ол арнайы сатып алып, сыйға тарту етті», - деді Саодатхан Мырзабаева.
null 

Мырзабаевтар әулеті «Кривое озеро» бау-бақша ұжымында екі бөлмелі үй салып алған. Өздері 2011 жылы Өзбекстанның Қарақалпақстан жерінен қоныс аударыпты. Отағасына бірден азаматтық беріліп, Саодатхан арада 5 жыл өткен соң оралмандар үшін берілетін квотадан бас тартып, азаматтық алды, жеке куәлік жасатты.

«Кеше күйеуім үйге барып, қарап келді. От жақты, жылытты. Үй ішіне кірген су тізеден келген екен. Үйдегі мүліктің бәрі суда қалған. Төсекті далаға жайып тастады. Үйіме кеткім келеді. Мына жерде бәрі жақсы, бірақ өз үйіңдей болмайды. Екі рет жылап алдым. Комиссия мүшелері келіп, «басқа үйің бар ма, көлігің бар ма» деп сұрады. Ашынып, «басқа барар жерім болса келмес едім, көлігімнің ішіне қонсам да» деп жылап алдым. Бір бөлме ішінде әртүрлі адам бар. Төсегін жинамағаны үшін ескерту жасап, өзім сөз естідім. Айналамды жинап, таза ұстағанды ұнатамын»,- деді С.Мырзабаева.

Бұл отбасы Өзбекстанда жұмыс жоқ болған соң Қазақстанға қоныс аударған. Кейін пәтер жалдап күн көрді, саяжайын сатып алып, несиеге екі бөлме салды. Қарызын әлі өтеп отыр.

Таңдайы жоқ 4 айлық сәбиге ерекше күтім қажет

4   

№26 мектептің спорт залы маңындағы оқушылардың киім ауыстыратын шағын бөлмесі Қырқынбаевтар әулетіне берілген. 5 отбасының 17 адамы осы жерде бас қосады. Шағын бөлмеде әулеттің қыз-келіншектері жатады. Өзгесі спорт залға қоныстанған.

«2003 жылы Ақтөбе облысының, Темір ауданы, Шұбарқұдық ауылынан көшіп келдік. Ақшамыз Махамбетовка ауылынан үй алуға жетті. Бұл негізі зауыт жұмысшыларына арналған жатақхана болған, ауасы лас жер. Бірақ мыңдаған адамның қонысына айналды. Бір үйді алып, кейін жанында сатылған тағы бір үйге қол жеткіздік. Екі үй мен аула ішіндегі шағын сарайда 5 отбасы тұрып жатыр. Су тасқынынан соң балам ауырып, ауруханаға түсті. Қазір ем қабылдап жатыр», - дейді Мұратбек Қырқынбаева.

Бұл әулеттің кішкентайы 4 айлық Айым. Туа бітті таңдайы жоқ сәбидің денсаулығын тексерген дәрігерлер жүрегінде екі саңылау барын анықтап, отаны кейінге шегерген.  Айым ана сүтін мүлде ембеген, еме алмайды. Оған берілетін сүттің әр қорабы 2 400 теңге тұрады. Ата-анасы жұмыс істемейді, баланың 13 мың теңгесі 7-8 қорап сүтке жетпейді.

«Өзім демікпе дертіне шалдыққанмын. Дәрі болмаса тыныс ала алмай, демігіп, ауырамын. Ал қызымның таңдайы жоқ. Дәрігерлер жөнді жауап бермейді. Учаскелік дәрігер балаға 4 айында таңдай салу керек десе, хирург қыркүйекте кел деп кері қайтарды. Отаның бағасы 200 мыңнан жоғары дейді. Бізде ондай қаржы жоқ. Күйеуімді жұмыстан келе жатқан жолда пышақтап кетіп, ауыр жұмысқа жарамай қалды. Кейін тұрақты қызметінен айырылып, үйде жүр. Мен де баламен үйде отырмын. Жұмыс істеген жоқпын», - дейді Гүлзина Құлынтай.

Бұл әулетте әкелерінің інісі Бақберген Қырқынбаев та тұрады. ІІ топ мүгедегі Президент резиденциясына қызмет көрсететін компанияға аула сыпырушы болып жұмысқа қабылданған. Пәтер кезегінде тұр. Бірақ баспананың қашан қолға тиері белгісіз.

«Мектепке келген күннен бастап күнде тіркеу жүреді, құжат тексереді. Үйіміздің құжаты түгел, рәсімделген. Реті келсе суға кету каупі басым Махамбетовка ауылынан көшіп кеткіміз келеді. Бірақ ешкім ештеңе түсіндіріп, жөнін айтқан емес»,- деді М. Қырқынбаев. Отбасының ер азаматтары 4 айлық Айымға көмек болса деп отыр.  

Жалғызбасты әке

  

№15 орта мектепке қоныстанғандар арасында жалғызбасты әке бар. Таңатар Ахметовтің қалада жылжымайтын мүлкі жоқ. Ол Сүт зауыты ауданындағы «Авиатор-5» бау-бақша ұжымында туысының үйін паналап отыр. Төрт баласының тұңғышы тұрмыс құтқан. Өзгесі қолында.

«Ақтөбе қаласына Ырғыз ауданы, Құтикөл ауылынан 2014 жылы келдік. Келіншегім ауырды, ем іздедік, дәрігерлердің жанында болғымыз келді. Бірақ көп ұзамай қайтыс болып, үш баламмен туысымның саяжайын паналап отырмын. Суда төсек орнымыз, киімдеріміз қалды. Бөтен мүлік жоқ», - дейді Т.Ахметов.

Бәрінен  20 жастағы Айшолпан Таңатарқызына қиын тиді. Ол мектеп бітірген соң оқуын жалғастырмай, анасын бақты.

«Бізге үй берсе екен дейміз. Басқа тілегіміз жоқ»,- дейді ол. Бұл отбасы пәтер кезегіне тұрмаған. Біреуі шаштараз мамандығы бойынша арнайы колледжде білім алып жүр. Кенже ұлы 7 сынып оқушысы. Отағасы жұмысты көп ауыстырады. Жиі қысқартуға тап болып, балаларының тамағын әрең тауып беріп отыр. Он күннен бері халықаралық әуежайда аула сыпырушы болып жұмыс істеп жүр.

Су тасқыны кезінде баспанасынан айырылғандардың бәрі алдағы күндеріне алаңдайды. Олардың көңілін сейілту үшін қаладағы өнер ұжымдары шағын концерт қойып, балаларды ойнатып жүр. Еріктілер су ортасында қалған үйлерді қарап, адамдарға көмектесуін жалғастырып жатыр. Ал бүгін арнайы комиссия шығын көлемін анықтау жұмысын бастады.  

Соңғы жаңалықтар