Ақтөбедегі су тасқынынан соң 17 адамнан тұратын бір әулетке 30 мың теңге берілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің Махамбетовка ауылында тұратын Қырқынбаевтар әулеті қазір тума-туыстың, таныстарының үйін жағалап жүр. Үйдің үлкендері сыз басқан баспаналарына қайта оралды. 

Қалалық әкімдіктің арнайы штабы 17 адамнан тұратын бүтін бір әулетке бар болғаны 30 мың теңге бөлді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Ақтөбе қаласындағы су тасқынынан соң халық алғашында мектептерді паналап, кейін уақытша бекеттерден бір күнде шығарылды. Әкімдік «Қолғанат Ақтөбе» қорынан 3,3 миллион теңгені алып, 110 отбасыға 30 мың теңгеден бөліп берді. Әрқайсысы арнайы қолхат қалдырып, қаржыны алғанын растаған. Олардың арасында 17 адамнан, 5 отбасыдан тұратын Қырқынбаевтар әулеті бар. «Алтын алқа» иегері Гүлиса Қырқынбаева Махамбетовка ауылында бес ұлымен бірге тұрады. Төртеуі үйленген, балалы-шағалы. Кенжесі студент. Жалғызбасты ана 7 бала тәрбиелеп, екі қызды ұзатқан. Өзгесі жанында. Қазір бір аула ішіндегі үш баланың панасы болған үлкен үй құлағалы тұр. Өзі паналаған шағын сарайдың шаңырағы қирап қалды. Ал өткен жылы ғана асарлатып салған үйдің іші сыз, ызғар.

«Мен №28 орта мектепте жұмыс істеймін. Жалғызбасты ана санатымен пәтер кезегінде 1008 болып тұрмын. Қазір балаларым, немерелерім әр жақта жан бағып жүр. Өзім паналайтын жерім болмаған соң сыз басқан үйге келдім, тұрып жатырмын. Үйге кішкентайлар келсе сол күні ауырып, жөтеле бастайды. Ал бір әулетке бөлінгені 30 мың теңге. Пәтер жалдауға берілген ақша кімге жетеді? Балаларым жұмыссыз. Кімнен көмек болатынын да білмей отырмыз»,- деді Гүлиса Қырқынбаева.

Қырқынбаевтар әулеті №26, 40 орта мектепке қоныстанған кезде Мұратбек Қырқынбаевтың 7 айлық қызы Жанерке жұқпалы аурулар ауруханасына жатып ем алды.  Екі апта бойы емделген бала үйіне оралып, бірнеше сағаттан соң қайтадан ауруханаға түсті. Баланың қызуы көтеріліп, жөтелі күшейді. Жедел жәрдем оны қайтадан жұқпалы ауруларға арналған ауруханаға алып кетті.

«Баланың тамағы ауырып тұр. Ол түнде дем ала алмай қалуы мүмкін. Сондықтан ауруханаға жатқызу қажет. Ызғалды, ызғарлы, сызды жерде дерт үдей түседі. Мен 37 жылдан бері жедел жәрдем бекетінде жұмыс істеймін. 1978 жылы қала іші суға кетті. Ал сәуірдегі су тасқыны кезінде біз үздіксіз, демалыссыз жұмыс істедік. Адамдардың жүйкесі тозып, балалар түрлі дертке шалдықты. Сол күнгі қарбалас әлі есімнен кетпейді»,- деді дәрігер Ғабит Мұхамбетжанұлы.

Қырқынбаевтар әулетінің бес ұлы салған үйдің бәрі бір адамға тиесілі. Құжатта иесі бір адам. Өзгесі тіркеуде тұрғанымен, мүлікке таласы жоқ.

«Өткен жылы несие алып, үй салып, биыл құжат рәсімдеуіміз керек еді. Бірақ су тасқынынан соң бәрі қирап қалды. Үйдің ішіне кіру мүмкін емес. Балам үшін алаңдаймын. Ол су тасқыны болған күні ауырды, әлі дертінен толық айыға алмай жүр. Қайда барамыз? Біз енді кімнен пана сұраймыз? Өзімнің туғаным жоқ. Ал жақындарым бір күннен соң бізді сыйғызбайды»,- дейді Гүлназым Жолдасова.

Қалалық әкімдік бұл әулетке 30 мың теңге берді. Пәтерін жалға бергендердің көңіл-күйіне елеңдеп отырған отбасы әзірге 17 адамның жетеуі ғана бір жерден пана тапқанын айтып отыр. Өзгелері туыстарын жағалап жүр.

«Шу көтеріп, бар екеніңді айтпасаң, ешкім қарамайды, елемейді. Біз бір аула ішінде тұрамыз. Құжат бойынша мүлкіміз жоқ, бірақ ресми осы үйде тіркелгенбіз. Қазір тұрып жатқан үйіміз құлап қалды. Қалпына келтіру мүмкін емес. Енді қайда барамыз? Екі балам бар. Күйеуім жұмыс таба алмай, сандалып жүр. Өзім 45 мың теңге жалақы аламын. Алдағы күніміз бұлыңғыр. Енді кім анығын айтады? Бәрі тек үй иесіне дейді.  Сол үйде паналап отырған бауырларын кім ойлайды?»,- дейді әулеттің келіні Сая Әлмұхан.

Айта кетейік , Ақтөбе қаласындағы су тасқынынан зардап шеккендер уақытша паналаған мектептерден ана-аналардың арызынан, облысты тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің санитарлық тазалық туралы шешімінен соң шығарылды.Алдын ала белгілі болғаны, қалада 77 үй қирап қалды. 

Соңғы жаңалықтар