Ақтөбедегі шошқа фермасына ағын суды шығаруға тыйым салынды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «Парижская коммуна-XXI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бірнеше бөлігінде жұмыс уақытша тоқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының экономикалық сотында облыстық экология департаментінің талап арызы қаралды.

Арызда «Парижская коммуна-XXI» ЖШС шаруашылық жүргізу қызметін тоқтату, қоршаған ортаға эмиссия рұқсатынан және мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысынан айыру туралы азаматтық істері қаралды.

Іс материалына сүйенсек, өткен жылдың желтоқсан айында Алға ауданы, Бестамақ ауылы тұрғындарының арызы негізінде облыстық экология департаменті тексеру жүргізді.

Нәтижесінде өндірістік ағын сулардың жер бедеріне аққаны, тазарту құрылғыларының аумағында ЭКО Б-500 жабдығы және УФ зарарсыздандыру құдығының болмағаны анықталды.

Биологиялық қалдықтар қоймасының аумағы қоршалмаған. Қоршаған ортаны қорғайтын бетон құдық жоқ.

Сонымен бірге шошқа саны ферма қуатынан асып түсті.

Яғни, жобаға сәйкес 40 000 бас болуы қажет. 2018 жылы мал саны - 50 615, 2019 жылы - 51 095, 2020 жылы - 51 978 бас болған.

«Серіктестік мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысындағы талаптарды сақтамаған. Сот шешімімен облыстық экологиялық департаменттің талаптары қанағаттандырылды. Өндірістік ағын суларды сақтау қоймаларына және жер бедеріне жіберу, биологиялық қалдықтарды сақтау қоймасын пайдалану бөлігіндегі бұзушылықтар қалпына келгенге дейін фермадағы жұмыс уақытша тоқтатылды. Сонымен бірге жауапкер қоршаған ортаға эмиссия рұқсатынан айырылды және мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы жойылды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлады Ақтөбе облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұған дейін шаруашылықтағы заңсыздықтарға байланысты шошқа фермасына 7 млрд теңге айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар