Ақтөбедегі Орталық стадионға жылжымалы медициналық кешен қойылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбедегі орталық стадион алаңы мен «Дина» гипермаркетінің алдында жылжымалы медициналық кешен қойылды. Онда вакцина егу жұмысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша барлығы 38 мыңға жуық адам вакцинаның бірінші компонентін қабылдады. Ал 8 мыңға жуығы екі компонентті де алды.

«Жылжымалы кешен сағат 9:00-20:00 аралығында жұмыс істейді. Заманауи кешен ішінде қажетті құрал-жабдық бар. Мұнда бір маман адамның сатурациясын, екіншісі қан қысымын өлшейді. Ал үшіншісі екпе береді. Кешен ішінде вакцина қабылдаған адамның 30 минут бойы бақылауда болуына жағдай жасалған», - деді №6 емхананың бөлім меңгерушісі Алмат Байдулаев.

Еске сала кетейік, дүйсенбіде Ақтөбедегі сауда – ойын-сауық орталығында алғашқы вакцинациялау кешені ашылды.

Қазіргі кезде емдеу мекемелерінен тыс 3 орында екпе қабылдауға мүмкіндік бар. Ақтөбе облысы бойынша әзірге тек «Спутник V» вакцинасы салынып жатыр.


Соңғы жаңалықтар