Ақтөбедегі өнімдердің 5%-ға жуығы талапқа сай емес
2022 жылғы 27 сәуір 17:43

Ақтөбедегі өнімдердің 5%-ға жуығы талапқа сай емес

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысындағы өнімдердің 5%-ға жуығы техникалық регламенттердің талаптарына сай емес, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Аймақтағы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мәліметінше, былтыр өнімнің 2 299 түрі зерттелген, оның ішінде 4,9%-ы немесе 114 сынама техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейді.

«Тамақ өнімдерінен 1 658 сынама зерттелді, соның ішінде 95 сынаманың техникалық регламенттер талаптарына сәйкессіздігі анықталды. Тұтастай алғанда, сәйкес келмейтін тамақ өнімдерінің ең үлкен көлемі, яғни 61%-ы импорттық өнімге тиесілі. Азық-түліктік емес өнімдердің 641 сынамасын зерттеу нәтижесі 19-ының талапқа сәйкес келмейтінін көрсетті, мұның бәрі басқа елдің өнімі. Сәйкессіздіктің ең жоғары үлесі – 52,6%-ы балалар ойыншықтарында. Адам терісімен жанасатын бұйымдардың 57 үлгісі зерттеліп, таңбалау бойынша сәйкес келмейтін 5 сынама белгілі болды. Тұрмыстық химия тауарлары үлгілерінің 127 сынамасының 1-еуі Кеден одағының техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейді», - делінген хабарламада.

Онда өткен жылы анықталған сәйкессіздік фактілері бойынша 6 жоспардан тыс тексеру жүргізілгені жазылған. Бұзушылықтарды жою туралы 55 ұйғарым беріліп, жалпы сомасы 131 265 теңгеге 3 айыппұл салынды. 237,85 кг тамақ өнімдері сауда кәсіпорындарында сатудан алынып тасталды.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT