Ақтөбедегі оқиғада жараланған тоғыз адамның төртеуінің жағдайы ауыр - Т. Дүйсенова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі 5 маусымда орын алған оқиға салдарынан жараланған тоғыз адамның төртеуінің жағдайы ауыр. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова осылай мәлімдеді.

«Жедел медициналық жәрдеммен ауруханаға жеткізілген тоғыз адам болатын. Олардың төртеуі қалды. Құдайға шүкір, бесеуінің денсаулығы жақсы. Қалған төртеуі әлі де бақылауда. Жапа шеккендер саны әлі де сол бұрынғыша. Қазіргі күні біз операция жасағандардың денсаулығын толық бақылаудамыз. Олардың бәрі сауығып келеді, бәрі дұрыс болады деп ойлаймын», - деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, 5 маусымда Ақтөбе қаласында террорлық акт әрекеті орын алды. 29 террор қаладағы қару-жарақ дүкеніне және Ұлттық ұлан әскери бөліміне шабуылдап, соның салдарынан үш азамат қаза болып, екеуі жарақаттанған. Бұдан бөлек, оқиға орын алған жерге жеткен үш полиция қызметкері жарақаттанды.

Әскерилер арасында үшеуі қаза болып, алтауы жараланды. Қазіргі күні еліміз бойынша террористік қауіптің «сары» деңгейі қырық тәулікке дейін енгізілген.

Ал Ақтөбе қаласындағы оқиға бойынша әлі де қаруланған бірнеше лаңкеске іздеу жарияланған.

Соңғы жаңалықтар