Ақтөбедегі Наурыз: Ұлттық тағамдар тегін үлестірілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы саябақта «Қош келдің, Наурыз» атты шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрісу күні аясында облыс жастары бірігіп, Бауырсақ мерекесін ұйымдастарды. Барлығы 12 ауданның жастары орталық саябаққа дастархан жайып, арнайы концертті тамашалауға келгендерге бауырсақ, ұлттық тағамдар ұсынды. 

«Ұлыстың ұлы күніне арнайы дайындалып, Байғанин жастары бір тонна бауырсақ пісірді. Бауырсақтың пішіні әртүрлі. Осылайша жастар ресурстық орталығында жұмыс істейтін қызметкерлері бірігіп, тәтті сый жасады. Сонымен қатар, сүт және сүт өнімдері қала тұрғындарына ұсынылды. Адамдар көктем келіп, қыстың ызғарлы күндері артта қалған кезде мереке ұйымдастырған бізге алғысын білдіріп жатыр»,- деді Байғанин аудандық ресурстық орталық жетекшісі Сая Сағынғалиева.
null 

Ал атақты тары өсіруші Шығанақ Берсиев ауданының жастары тары, талқан, құрт пен май, бауырсақ ұсынды.

«Ойыл ауданының жастары Бауырсақ мерекесіне арнайы дайындалды. Біз ауылда өндірілетін тары, талқан әкелдік. «Жақып» шаруа қожалығы тары шаруашылығын дамытып, шетелге өнім шығарып жатыр. Ұлттық тағамдардың бәрі қала халқы үшін таңсық әрі сұраныс жоғары. Бұл жолы бәрін тегін үлестірдік. Халық өз алғысын білдіріп жатыр»,- деді Ойыл аудандық ресурстық орталығының жетекшісі Жангүл Ізғарина.

Бүгін Бауырсақ мерекесі, ертең кешілік жастар саябаққа жиналып, Бастаңғы өткізеді. Студенттер мен қала жастары алтыбақан теуіп, ән шырқайды, өз өнерлерін көрсетеді.


Бүгінгі Наурыз мерекесіне «Асыл әжелер» ансамблі де қатысты. Олар жастарға Көрісу күнінің мән-мағынасын түсіндіріп берді.

«Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрмен бүгін Көрісу күнін өткіздік. Бұрын тойланып, кейін ұмыт қалған еді. Тәуелсіздігімізді алған соң қайта жаңғырып, ел ұлттық салтымен қайта қауышты. Біз жастарға өсиет етеміз, олар бізден үлгі алып жүр»,- деді әжелер ансамблінің мүшесі Күлән Нұржанова.

Саябақта арқан тарту, гір көтеру, күш сынасудан жарыс өтті. Кез келген ақтөбелік өз күшін сынап көруге мүмкіндік алды. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Қош келдің, Наурыз» атты мерекелік шараға ақсақалдар арнайы шақырылды. Олар бата беріп, қайта жаңғырған ұлттық салт-дәстүріміздің түпкі мақсатын түсіндірді. 

«Татулыққа, бірлікке шақыратын мереке кезінде жастар белсенділік таныты. Ақтөбе облыстық драма театр, шығармашылық ұжымдары түгел қатысты. Алда бір ай той болады. 21 наурызда Жарапазан айтылып, Қыдыр ата ақтөбеліктерді үйлеріне барып, құттықтайды»,- деді Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева.

Айта кетейік, Ақтөбеде Ұлыстың ұлы күні бір ай бойы тойланады. 
null 

Соңғы жаңалықтар