Ақтөбедегі мәйіттік донордың ағзалары Астанаға жөнелтілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жыл басынан бері екінші рет мәйіттік донордың көмегімен бүйрек ауыстыру отасы жасалды. 45 жастағы әйелге «миы өлген» диагнозы қойылып, ақтөбелік дәрігерлер бүйрегі ауыратын 9 науқастың сәйкестігін тексерген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік дәрігерлер алғашында Оңтүстік Корея дәрігері Кванг Вунг Лиден дәріс алып, шеберлік сабағын өткізді. Биыл бүйрек ауыстыру отасын өздері жасап жатыр. Бұл жолы 45 жастағы әйелдің «миы өлген» диагнозын қойған соң оның туған-туыстарымен келіссөз жүргізілді. Келісімнен соң дәрігерлер Алматы мен Астана қалаларына түрлі сараптамалар жіберген.

«Мәйіттік донор белгілі болған соң 9 адамды шақырып, сәйкес келген 3-4 адамнан жағдайы нашар науқас таңдап алынды. Біріншісі, 36 жастағы әйел. Ол бір жылдан бері аппаратқа таңылған. Екіншісі, 58 жастағы ер адам. Ол үш жылдан бері гемодиализ қабылдап жүр. Бір түнде екі адамның бүйрегі ауыстырылды. Ота сәтті өтті. Қазіргі кезде науқастардың жағдайы қалыпты»,- деді Ақтөбе облысының бас хирургі Ерлан Сұлтангереев. Ақтөбеліктер екі бүйрек ауыстыру отасын жасаса, мәйіттік донордың жүрек, екі өкпесі, бауыр, екі көзі Астанаға жіберілген. Бір адамның ағзалары барлығы 7 адамға салынды.

Айта кейік, Ақтөбе облысында 24 бүйрек ауыстыру, 7 бауыр ауыстыру отасы жасалды. Науқастар мен донорлардың жағдайы жақсы. Оңтүстік Корея дәрігерлері қазіргі уақытта ақтөбеліктерге бауыр ауыстыру отасын жасауды үйретіп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар