Ақтөбедегі көрме: Құмай тазының бағасы қанша

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе қаласында құмай тазылар көрмесі өтті. Көрмеге 50-ге жуық тазы әкелінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде облысы бойынша тазы асырып, бағып отырғандар бүгін орталыққа жиналды. Мақсат -қала тұрғындарына тазыны насихаттап, оның аң аулап, мал бағатын қасиеттерін түсіндіру.

«Өзімде 7 тазы иті бар. Ашаршылық жылдарында бір ауылды асыраған тазы қазақтың брендіне айналуы тиіс. Сондықтан бар, тоқ заманда оны дәріптеп, сақтап қалуға күш салуымыз керек. Көрме де тазыны дәріптеп, кең танытуға арналған. Тазының бәрін аңшылық мақсатта пайдаланып жүрмін», - деді тазы асыраушы Ғабит Сейітжанов.

Оның айтуынша, тазы асырып отырған ақтөбеліктер патент алуды көздеп отыр. Бұл пайда үшін емес, ұлттық брендті өзгенің меншігіне бермеу үшін атқарылып жатқан жұмыс.

«Биыл Байғанин ауданы «қасқыр малға шауып, маза бермей жатыр» деген соң барып, көмектестік. Тазы екі қасқыр алды. Ерекшелігі, қай аңға салсаң да тазы алады. Тазының нақты бағасын айту қиындау, бірақ аңға шыға алатын тазыны 1-2 мың долларға сұрайды», - деді Ғабит Сейітжанов.

Ал тағы бір тазы асыраушы ақтөбелік Бейбітхан Тұмарғалиев тазыны патенттеуге қатысты пікір білдірді.

«Тазы асырап, бағамын деген адамға күшік кезінде тегін береміз. Осы арқылы тазы шаруашылығын дамытуды көздеп отырмыз. Жылдамдығы сағатына 70-80 шақырым болатын тазының санын 1 мыңнан асыру керек. Сонда ғана патент алуға жол ашылады», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар