Ақтөбедегі көлік жарылысы: Екі науқас ауруханада жан тапсырды

None
None
  АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасының жансақтау бөлімінде ем қабылдаған Зибагүл Тюменбаева мен Серікбай Палванов көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің өндірістік аймағында жанар-жағармай таситын көлік жарылып, үш адам зардап шеккен болатын. Салдарынан екі оператор жансақтау бөліміне түсіп, дәрігерлер олардың жағдайы ауыр екенін хабарлады. Ал денесінің 80-90 пайызын күйік шалған 55 жастағы Зибагүл Тюменбаева мен Серікбай Палванов ауруханада көз жұмды.

"Екі науқас термикалық күйіктен көз жұмды. Ер адам 15 қыркүйекте, әйел адам 17 қыркүйек күні таңда жан тапсырды. Мүрде сот-медициналық зерттеуге жіберілді", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік,  көлік жүргізушісі Болат Сәрсенов аурухананың травматология бөлімінде ем қабылдауын жалғастырды.

"Мен әлі ем қабылдап жатырмын. Егіп, күйікті таңып, май жағып жатыр. Әлі бір апта ауруханада боламын", - деді зардап шегуші Болат Сәрсенов.

Еске салсақ, ірі жанар-жағармай компаниясындағы жарылысқа байланысты еңбек инспекциясы тергеу жұмыстарын бастады.

Соңғы жаңалықтар