Ақтөбедегі Көкжиде жерасты суының қорын анықтауға 1 млрд теңгеден астам қаржы керек
2019 жылғы 26 тамыз 20:41

Ақтөбедегі Көкжиде жерасты суының қорын анықтауға 1 млрд теңгеден астам қаржы керек

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Көкжиде кен орнында қазір бес мұнай компаниясы жұмыс істеп жатыр. Мұнай шығып жатқан жердегі тұщы судың нақты қорын анықтауға 1,1 млрд теңге қаржы керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде «Көкжиде» тұщы су қоры бар. Темір және Мұғалжар аудандарындағы су қоры Үкімет Қаулысымен аса экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан маңызды ретінде республикалық және халықаралық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорықтық қордың геологиялық және гидрогеологиялық тізіміне енді. Мұнда 2008 жылдан бері экологиялық зерттеулер жүргізіліп келеді. Зерттеудің нәтижесі бойынша «Көкжиде» құмдарының мұнай өнімдерімен ластанғаны байқалады.

«2008-2018 жылдары жүргізілген зерттеулердің мәліметтері бойынша мұнай өндіретін компаниялар «Көкжиде» жерасты суларының сапалы құрамын жазда және күзде ластап келген. Қазіргі таңда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «КМК Мұнай» АҚ, «Урихтау Оперейтинг» ЖШС, «Фирма Ада Ойл» ЖШС, «ҚазақойлАқтөбе» ЖШС сынды бес мұнай компаниясы «Көкжиде» жерасты суларының кен орындарында көмірсутек шикізатын барлап, өндіріп жатыр. 2018 жылы шекті рұқсат етілген концентрацияның артуы тек ШРК 10-М -2,63 ұңғымасында ғана анықталған. Алдағы уақытта ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде мүдделі органдар мен жер қойнауын пайдаланушылар қатысатын жиын жоспарланып отыр. Ол жерде «Көкжиде» жерасты суларының проблемалары шешілмек», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, облыстық экология департаменті биыл «КМК Мұнай» АҚ мен «Фирма Ада Ойл» ЖШС-не тиесілі ұңғымаларды тексеріп, жерасты суларының мұнаймен ластануын тіркеді. «КМК Мұнай» АҚ-ның келісімшарттық жерлеріндегі төрт бақылау ұңғымасында 1,3 шекті рұқсат етілген концентрациядан (ШРК) 8 ШРК-ға дейін артқаны, «Фирма Ада Ойл» ЖШС-де екі бақылау ұңғымалары бойынша 1,66 ШРК-дан 1,82 ШРК-ға дейін өскені анықталды. Ақтөбе облыстық экология департаменті министрлікке бірнеше ұсыныс берді. Соның бірі - Ақтөбе облысындағы Көкжиде кен орныдағы жерасты суларының эксплуатациялық қорын қайта бағалау мақсатында толық барлау. Биыл бұл жұмысқа 300 миллион теңге бөлінген. Бірақ жұмыс толық іске асуы үшін 1,1 миллиард теңге қажет.

«Көкжиде» құмдары аумағында көмірсутек шикізатын барлау және өндірудің бірыңғай ережесін әзірлеу, «Көкжиде құмдары» мен «Көкжиде» жерасты суларының мемлекеттік табиғи-қорықтық қоры нысандарының жағдайына мониторинг жүргізу үшін бірыңғай оператор бекіту, «Көкжиде» жерасты сулары кен орнының геологиялық құрылысын анықтау шараларын жүргізу, Жер қойнауын пайдаланушылардың әрқайсысына жеке-жеке мониторингтік зерттеу жүргізу ұсынылды», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Jańalyqtar

MURAǴAT