Ақтөбедегі Қазақ-Орыс халықаралық университетінде өрескел заңбұзушылықтар анықталды - БҒМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Оқу орны профилактикалық бақылау парағындағы 46 тармақтың 32-сі бойынша талаптарды бұзған. Бұл туралы ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айталық, студенттерге лекцияны біліктілік талаптарына сай келмейтін оқытушылар оқиды. Мәселен, «Әуе көлігін пайдалану» мамандығы бойынша базалық білімі бар мұғалім «Мектепке дейінгі тәрбиедегі инновациялық технологиялар» және «Бастауыш мектепте тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі» пәндерінен сабақ береді. Ал, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі музыкалық өнердің теориясы мен әдістемесін оқытады.

«Сондай-ақ, профилактикалық бақылау барысында кейінгі 5 жылда бірде-бір ғылыми мақала жазбаған оқытушылар магистрлік диссертацияларға ғылыми жетекшілік ететіні анықталды», - дейді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова.

Министрліктен мәлім еткендей, студенттер мен оқытушылар туралы нақты деректер ҰБДҚ мәліметтеріне сәйкес келмейді. Деректер базасында 335 оқушы мен көптеген мұғалім туралы ақпарат жоқ.

Онымен қоса, университет студенттердің оқу жүктемесі мен оларды қорытынды аттестациядан өткізу талаптарын сақтамайды. Бакалавриат және магистратура студенттері академиялық кредиттерді толық көлемде игермеген.

Университет оқу кабинеттерімен және зертханалық базамен жеткілікті қамтамасыз етілмеген. Кейбір кабинеттер санитарлық талаптарға сай келмейді.

Ведомство студенттердің білім нәтижесі де көңіл көншітпейтінін айтады, 96%-ы шекті деңгейден өте алмаған.

«Университетке барлық анықталған заңбұзушылықты жоюға уақыт берілді. Алайда, оқу орның орнына, тексеру нәтижесіне шағымданумен уақыт өткізіп жатыр. Бірінші сатыдағы соттың шешімімен комитеттің барлық әкімшілік актісі заңды деп танылды, ал университеттің шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды», - делінген министрлік мәлімдемесінде.

Министрлік талапкерлерге, студенттерге және олардың ата-аналарына жоғары оқу орнын таңдау кезінде білім сапасына мән беру керегін ескертеді.

Еске сала кетейік, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, биыл ауыл мектептері түлектерінің жоғары білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында олардың квотасы 35 пайызға дейін ұлғайтылады.


Соңғы жаңалықтар