Ақтөбедегі Қасқыр сарқырамасына туристердің қызығушылығы артты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің Қарғалы ауданында Қасқыр сарқырамасы бар. Мұнда жыл сайын 500 мыңнан астам адам демалады. Дегенмен әлі бірде-бір кәсіпкер қаржы салып, демалыс орнын ашқан емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің Қарғалы ауданы егін шаруашылығына ыңғайлы. 1921 жылы құрылған аудан алғашында Можаров деп аталса, 1962 жылы Ленин, 1991 жылы Қарғалы болды. Мұнда 8 ауылдық округ бар.

Қызыл там кесенесі

«Қарғалы ауданын туристер «екінші Швейцария» атап кеткен. Мұнда археологиялық ескерткіштер бар. Мәселен, 2008 жылы Гүрілдек маңында қазба жұмыстары жүргізіліп, қола және неолит дәуіріндегі ыдыстар табылды. Сонымен қатар ауданда Асан қайғының ұлы Абат-Байтақ кесенесімен тұспа-тұс салынған Қызылтам кесенесі бар. Тарихына сүйенсек, Қызылтам кесенесі XVI-XVII ғасырларда салынған. Қарғалы су қоймасының жағасында, Ақтөбе қаласының солтүстік-шығысына қарай 56 шақырым қашықтықта орналасқан. Я.Я.Полферов жазған аңыз бойынша Хиуа ханы Араб-Мұхаммедтің қалмақ ханы Бадмайдың қызына сәтсіз құда түсуімен байланысты екен. Екі ғашық құздан құлап, қайтыс болған. Ал ауыл халқы екі ғашыққа арнап ескерткіш белгі ретінде Қызылтам кесенесін салады. Бір жағынан бұл жағалбайлылар руының жері болған. Келушілер кесенеге қолын тигізіп, арман-тілектерін айтып жатады», - деді Қарғалы аудандық музей қызметкері Қымбат Сабыржанқызы.
null

Сәулеті күрделі, құрылымдық ерекшелігі бар Қызылтам кесенесін Челябі облысындағы кесенемен және Абат-Байтақ кесенесімен салыстыруға болады. Қызылтам кесенесі - төртбұрышты жоспарлы кесене. Ескерткіштің ең биігі - 3,75 м. Жыл өткен сайын тарихи ескерткіш жойылып бара жатыр.

null

«Кесенеге екі ғашық жерленбеген, тек ескерткіш ретінде қызыл кірпіштен тұрғызылған», - деді музей қызметкері.

Қызылтам 1975 жылдан бері мемлекет бақылауына алынды.

Қарғалы су қоймасы

Мұнда Ақтөбе облысындағы ең ірі су қоймасы орналасқан. Қарғалы су қоймасы 1975 жылдан бері мемлекет бақылауында. Жағасы 45 шақырым болады. Орташа тереңдігі - 10 метр, ал ең терең тұсы - 31,8 метр. Су қоймасына жаңбыр, бұлақ суы және Қарғалы, Шанды, Шаршар, Айтбай өзендері құяды. Шортан, алабұға, қызылқанат, мөңке балығы бар.

«Туризмді дамыту мақсатында Өлкетану орталығы құрылды. Арнайы карта жасалып, киелі жерлер туралы ақпарат жазылып, туристерге таратылады. Осы арқылы жұмысты жандандыруды мақсат етіп отырмыз. Негізі 31 - мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Германия, Ресейден көп адам келеді», - деді Қымбат Сабыржанқызы.

Қосестектегі бұлақ пен Қызыл кітапқа енген ағаш

Қосестек ауылы - Қарғалы ауданының орталығы болған. Тәуелсіздік жылдары аудан орталығы Бадамшаға ауысты.

«Қосестек ауылына туристер көп келеді. Көбі бұлақ суын ішіп, тынығады. Ауыл маңында бұрын орман болған. Орман ағаштары құрылыс саласына пайдаланылды. Ал қазір орман шаруашылығы жоқ. Есесіне өңірде Қызыл кітапқа енген қандыағаш бар. Қандыағаш таза су болған жерде ғана өседі. Егер аулаға апарып, ексе, шықпай, қурап қалады», - деді Қосестек ауылдық округінің әкімі Гүлжан Досмағанбетова.
null

Қасқыр сарқырамасы

Қасқыр сарқырамасы туралы бірнеше аңыз бар. Кейде «Немой ауылы» деп те атайды.

«Қасқыр сарқырамасы, Ащылысай сарқырамасы, «Немой ауылы» деген атаулар бар. Бұрын бұл маңда ауыл болған. Тоқырау кезінде бәрі көшіп кетіп, Ратай атты бір ғана тұрғын қалған. Ол мылқау болған соң ауыл Немой аталып кеткен секілді. Қасқыр сарқырамасына келер болсақ, көктемде қасқыр бөлтірігін судан өткізбек болып, сарқырамаға түсіріп алған екен. Ұлыған дауыс та шығады деген қауесет бар», - деді Қымбат Сабыржанқызы.

Мұнда туристер тек Қазақстаннан емес, Ресейден де келеді.

«Мұнда бірінші рет келіп тұрмын. Бір қиыны - жол жоқ. Негізі сарқыраманы мамыр айында ғана көруге болады. Әрі қар да жатыр. Сондықтан келер жылы тағы да отбасымызбен келуді жоспарлап отырмыз. Бұл жолы тек достар бас қосты», - деді ақтөбелік Мұхаммед Байғали.

Су қоймасын туристік орынға айналдыратын кәсіпкер керек

Қасқыр сарқырамасы маңы мемлекет меншігінде. Алайда кәсіпкерлердің қызығушылығы басым. Жыл сайын жерді жалға алып, кәсіп бастауды мақсат еткен инвесторлар хабарласады, бірақ нәтиже шығарған ешкім жоқ.

«2-3 кәсіпкер келді, екінші деңгейлі банк қарады. Үй салып, туристік әлеуметті дамытуды көздеді. Мұнда бұлақ бар, суды ауылдан да алуға болады. Қасқыр сарқырамасына жыл сайын 500 мың адам келеді. Туризмді дамытуға тек инвестиция қажет, өзгесі мемлекетте бар. Жер, платина беріледі. Су қоймасының тереңдігі 20 метр болады. Балық аулап, таза ауада тынығуға мүмкіндік жасалады. Аптаның жұма, сенбі, жексенбісі күні мұнда тұрғындар көп келеді. Туристер Ресейден де ағылып жатыр. Бір өкініштісі - туристер мәдениеті қалыптаспаған. Тұрмыстық қалдықтарға арнайы шүңқыр қазылды, бірақ қоқысты апарып төгетіндері аз. Сондықтан әкімдік әр дүйсенді сайын тазалық жүргізеді», - деді Ащылысай ауылдық округінің әкімі Асылбек Иманбаев.

Кейде қоқыс жәшігін алып кететіндер бар. Бұл аумақты учаскелік инспектор да қарайды. Тынығушыларға ескерту беріп, тазалық сақтауға шақырады. Бірақ табиғат аясында демалып жатқандар мұны ескеріп жатқан жоқ.

Ащылысай ауылы маңында 19 шаруа қожалығы бар. Олар төрт түлік бағып отыр. Әр шаруашылықтың өз жері, аумағы бар. Шаруашылықтар жел генераторын, күн батареясын қондырған. Ауыл орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ауылда 11 ұлт өкілі тұрады.
null

Соңғы жаңалықтар