Ақтөбедегі кәсіпкер өлімі: Тергеу жұмыстары қайта жанданды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік кәсіпкер Ерхан Тілеуімбетовтің өліміне қатысты істі тергеу қайта жанданды. Ал прокуратура полиция қаулысының заңдылығын тексеріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Кәсіпкер Ерхан Тілеуімбетовтің өліміне қатысты тергеу жұмыстары 6 қараша күні қайта жанданды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

«Жедел іздестіру, тергеу жұмыстары кезінде күдікті табылмады. Сол себепті Қылмыстық-процестік кодекстің 45-бабы, 7-бөлігі, 1-тармағы бойынша тергеу жұмыстары уақытша тоқтатылып, жәбірленуші тарап 2018 жылдың 30 қазаны күні қаулы алды. Дегенмен істі тергеу тоқтатылмайды, қосымша тергеу жоспары дайындалып, іске асырылып жатыр. Әрі 6 қараша күні қылмыстық істі тергеу қайта жанданды. Тергеу жұмыстары Ішкі істер министрлігінің бақылауында тұр», - деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.

Ал облыстық прокуратура облыстық полиция департаментінің қаулысын тексеруге көшті.

«2017 жылдың тамыз айында облыстық ІІД-і Ерхан Тілеуімбетовтің жоғалуы мен өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша тергеуді бастады. Тергеу кезінде күдікті адам анықталмады. Соған байланысты сот алды тергеу жұмыстары 2018 жылдың 30 қазаны күні тоқтатылды. Ақтөбе облыстық прокуратурасы шешімнің заңдылығын тексеріп жатыр», - деді  Ақтөбе облыстық прокуратурасының басқарма басшысы Азамат Кустанов.

Еске салсақ, Ерхан Тілеуімбетов 2017 жылдың 3 тамыз күні базарға барып, кейін із-түзсіз жоғалып кетті. Екі баланың әкесін жан-жақтан іздеу жұмыстары жүргізілгенімен, полиция қызметкерлері ол отырып кеткен көліктің нөмірін бейнекамерадан анықтай алмады.
Кәсіпкердің анасы Райхан Есенаманова жалғыз ұлын ұстап отырған адамдарға үндеу жолдап, босатуын сұрады.  Ал 2017 жылдың қыркүйегінде Ерхан Тілеуімбетовтың мәйіті бөлшектелген күйінде табылып, туыстары оны киімі арқылы таныды. 

Соңғы жаңалықтар