Ақтөбедегі қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс: 50 күдікті анықталған

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «Гарант 24 ломбард», «Еstate ломбард», «Выгодный займ» және «Нур-Али Капитал» қаржы пирамидаларына қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Қазір талапкерлер тергеу материалымен танысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ІІМ Жедел тергеу тобы «Гарант 24 ломбард», «Еstate ломбард», «Выгодный займ» және «Нур-Али Капитал» ЖШС-нің басшыларына қатысты қаржы пирамидасын құру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады . Қылмыстық іс материалдары тараптарға берілді.

«Қылмыстық іс бойынша жәбірленуші және азаматтық талапкер болып танылған барлық азамат қылмыстық іс материалымен танысу үшін Ақтөбе қаласы ағайынды Жұбановтар көшесі 271А, мекенжайы бойынша Ақтөбе облыстық полиция департаментіне жұмыс күндері сағат 09:00 - 18:30 дейін келе алады. Қосымша ақпарат алу үшін 8 (7132) 936186 телефон номері бойынша хабарласуға болады. Бұл істе жәбірленушілер көп. Іспен танысу 2 айға созылуы мүмкін», - деді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Қылмыстық іс бойынша 50 күдікті анықталды. Олардың 33-і соттың санкциясымен қамауға алынды. Ал бесеуі үй қамағында отыр. 12 күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілді. Бұдан басқа 6 күдіктіге іздеу жарияланып, оларға қатысты қылмыстық іс бөлек тергеліп жатыр. Күдіктілердін қылмыстық іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету», «Ұйымдасқан топпен заңсыз банктік қызметпен айналысу», «Ұйымдасқан топ құру және оған басшылық ету, «Ұйымдасқан топқа қатысу» және «Ұйымдасқан топпен аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау» бабымен сараланған.



Соңғы жаңалықтар