Ақтөбедегі ірі айналма жолдардың құрылысы қарқынды жүргізілуде

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде бірнеше айналма жол мен республикалық трассада құрылыс қарқын алды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин құрылыс жұмысын қарап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жол құрылысы мен инвестициялық жобалардың қарады. Өңір басшысы алдымен «Ақтөбе-Қандыағаш» автокөлік жолын қалпына келтіру барысымен танысты. Қалпына келтіру жұмыстары жолдың 11- 52 шақырым аралығында және 52 шақырымнан Қандыағаш қаласына дейінгі екі учаскеде жүргізіліп жатыр.

«Бүгінде алғашқы үш шақырымдағы жұмыс аяқталды. Біз қазірдің өзінде 19 шақырымға дейін асфальт төсеуді бастадық және келесі аптаның соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе филиалының басшысы Марат Махамбетов.
Жоба ауқымды. Жолды төрт жолаққа дейін кеңейту жоспарланды. Көпірлер, мал өтетін жолдар мен теміржол арқылы өтетін жол салу қарастырылған. Дегенмен, биыл жоғары сапалы жол төсемі автокөлік жүргізушілеріне қолжетімді болады.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе-Атырау тасжолының Ақтөбе қаласынан Бестамақ ауылына дейінгі аралықтағы екі жолақ тамыздың ортасына дейін аяқталып, күзде Қандыағашқа дейінгі жолақ ашылуы тиіс.
Сонымен бірге Ақтөбе қаласының Оңтүстік айналма жолын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жұмыс барысымен танысқан өңір басшысы бірқатар тапсырма берді.
«Жол азаматтардың наразылығын тудыруда. Өткен жылы мердігер жауапкершілігінің төмендігінен жұмыс тоқтап қалса, биыл жауын-шашыннан кейін жұмыс қайта жанданып, жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Ең алдымен, осы айдың соңына дейін Ясное ауылының маңындағы жол құрылысы аяқталып, көлік қозғалысы қалпына келуі тиіс. Күзге қарай асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталуы керек. Бұл жерде қаржыға байланысты сұрақтар жоқ. Жұмыс кестесінің сақталуын тұрақты бақылап отыруды қамтамасыз етіңіз»,- деді облыс әкімі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырға қарата айтқан сөзінде.
Тағы бір маңызды жол жобасы – батыс айналма жолының құрылысы. Ұзындығы 8,3 шақырым болатын жол Самара-Шымкент және Ақтөбе-Мәртөк-РФ шекарасы тас жолын қосады. Облыс әкімі бұл жобаны жүзеге асырудың маңызына тоқталып, бұрыннан пісіп-жетілгенін атап өтті. Батыс айналма жолы ауыр жүк көліктерінің қалаға кірмеуіне және тікелей өнеркәсіп аймағына өтуіне мүмкіндік береді. Жобаны келесі жылы аяқтау жоспарланған.
Қаланың өсіп, дамуына байланысты Ақтөбеде Тәуелсіздік даңғылын 8 жолаққа дейін кеңейту жұмыстары басталды. Сондай-ақ М. Шоқай көшесі 6 жолаққа дейін кеңейтіледі. Облыс әкімі Тәуелсіздік даңғылындағы жөндеу жұмыстарының барысын қарап шығып, жұмысты қолайсыздық тудырмай, кезең-кезеңмен жүргізуді тапсырды.
Шілде айының соңына дейін Ә.Молдағұлова даңғылынан М. Шоқай көшесіне дейінгі учаскеде қозғалыс ашылады деп жоспарланған. Осыдан кейін «Ассана-ДорСтрой» ЖШС мердігерлік ұйымы М.Шоқай көшесін қалпына келтіруге кіріседі. Бұл көше облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес оқу жылы басталғанға дейін ашылуы тиіс. Жоба бойынша Тәуелсіздік даңғылын қалпына келтіру жұмыстары келесі жылы толық аяқталады.


Соңғы жаңалықтар