Ақтөбедегі дау-дамай мәйіттік донорға кесірін тигізді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Елімізде мәйіттік донор тұралап қалды. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, өңірдегі сот процесінен соң адамдар да, дәрігерлер де қорқып қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша 320 адам бүйрек, 54 адам бауыр ауыстыру отасын қажет етеді. Адам өмірін сақтап қалудың бір жолы ота болғанымен, қазақстандықтар соңғы уақытта мәйіттік донор болуға келісім берер емес. Ақтөбеде болған сот процесінен соң дәрігерлерде рұқсат алмай-ақ ота жасауға құқықтары болғанымен, тәуекелге бара алмай отыр.

«Донор болуға тума-туыстары келіспейді, келіскені сәйкес келмей қалады. Сондықтан мәйіттік донорлықты дамыту керек. Ақтөбелік дәрігерлер алты адамның бүйрегін мәйіттік донордың көмегімен ауыстырды. Ал Ақтөбедегі шудан соң мүлде тоқтап қалды. Бірнеше айдан бері бірде-бір мәйіттік  донор болмады. Дәрігерлер  де қорқып қалған. Қарапайым адамдар мәйіттік донорға келісім бермей жатыр. Бұл жерде біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мәйіттік донорды дамытуымыз керек»,- деді Әсет Қалиев. Бұл тек Ақтөбеде емес, бүкіл Қазақстандағы жағдай.

Айта кетейік, ақтөбелік дәрігерлер бүйрек ауыстыру отасын өздері жасайды. Ал бауыр ауыстыру отасын күні бүгінге дейін кореялық әріптестерімен бірге атқарды. Дәрігерлер биыл бұл белесті де бағындырады.

«Адамның бүйрегін, бауырын ауыстыру отасын жасау үшін кореялық дәрігерлердің көмегіне жүгіндік. Қазіргі кезде өз дәрігерлеріміз бүйрек ауыстыру отасын жасап жүр. Биыл бауырды да өз күшімізбен ауыстыруды бастаймыз. Өте күрделі ота болған соң науқастың емес, донордың да өміріне жауаптымыз»,- деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев. 

Соңғы жаңалықтар