Ақтөбедегі автобус өрті: Сот отырысында өрттің қалай шыққаны анықталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 52 адамның өмірін қиған автобус өртіне қатысты көшпелі сот отырысы болды. Айыптау қорытындысына сүйенсек, автобустың қозғалтқышы ауыстырылып, жолда өрт қауіпсіздігі ережесі сақталмаған, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде бүгін автобус өртіне қатысты негізгі сот отырысы басталды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, қаза болған өзбекстандықтардың ата-аналары мен туыстары сот отырысына қатысып, өздеріне аудармашы сұрады. Айыптау қорытындысына сүйенсек, айыпталушы Нұрлыбек Тілепбаев 2013 жылдың қаңтарында «АзияТранзитСервис» ЖШС-ін сатып алады. Жолаушылар мен жүкті тасымалдауды міндетіне алған компания жалған құжаттар жасайды.

«Қылмыстық істі тергеу барысында автобустың техникалық байқаудан өтпегені анықталды. Сонымен қатар, Мехтеевке тиесілі автобусқа өзге автобустың қозғалтқышы салынған болып шықты. Ал қағаз жүзіндегі автобус ОҚО, Қазығұрт ауданы, Қақпақ ауылындағы Мақсат Пернебековтың ауласында тұрған. Екі автобустың қозғалтқышы сол аулада ауыстырылған», - деді мемлекеттік айыптаушы Осман Орынбасарұлы.

ОҚО-дан Ресейдің Казан қаласына бет алған автобустың техникалық паспорты талапқа сай келмесе де механик Бахадүр Пердебаев оған назар аудармаған. Ал автобус жүргізушілері Мақсат Пернебеков және Барат Таңатов халықаралық сапарға шығуға рұқсат алып, 3 жылға көлік басқару құқығынан айырылған Нұржан Қырғызбаевты ертіп алады. Іс материалына сүйенсек, оқиға болған күні жүргізуші М.Пернебеков бейнекамераға түсіріп, автобустың жарамсыздығын, радиатордағы су көтерілмегенін және автобуста тоңғанын жазып алған. Салдарынан автобус Самара-Шымкент бағытындағы 1069 шақырымында тоқтап қалған.

null
«Барлығы 54 Өзбекстан азаматын автобусқа мінгізіп, жолға шығады. М.Пернебеков қыста аяз болатынын біле тұра талапқа сай жанар-жағармайды құймайды. Ол Шымкенттен соң көлік басқаруды Б.Таңатовқа берген. Аралға жеткен соң көлік рөліне М.Пернебеков отырады. Сол кезде ол салон ішін бейнекамераға түсіреді. М.Пернебеков Ырғыз ауданына жақындаған кезде көлікті басқаруды Н.Қырғызбаевқа береді. Ол үш жылға жүргізу құқығынан айырылған. Жергілікті уақыт 4:00-де автобус Ырғыз ауданы маңында тоқтайды. Себебі, жанар-жағармайы қоюланып, қатып, қозғалтқыш істен шыққан. Осы сәтте Қырғызбаев, Таңатов, Пернебеков бірлесе автокөліктегі дәнекерлеу шамын алып, жанармайдың багын қыздырады. Қырғызбаев тергеу кезінде анықталмаған әйелден 5 литр бензин сатып алады. Жанармайға қажетті 1 мың теңгені Пернебеков береді. Жергілікті уақыт 9:20 шамасында сатып алған жанармайдың 1,5 литрін дәнекерлеу шамына құйып, жағады. Жарықтандыру және автобус ішін жылыту үшін «паяльник» пен қалған 3,5 литрлік бензинді алып кіреді. Салон ішіне жағады. Сол кезде өзбекстандық жолаушы Исақов өзге автобустың тоқтағанын айтып, Қырғызбаев пен Таңатов дәнекерлеу отын сөндірмей, шығып кетеді. Таңатов қарсы бетке тоқтаған автобусқа жеткенде өздері мінген көліктің өртенгенін көреді. Автобустан бірінші шалбары жанып жатқан жолаушы Исақов шығады. Кейін Қырғызбаев пен Таңатов автобусқа жүгіреді, бірақ құтқаруға үлгермейді. Жолаушы Мырзахметов пен жүргізуші Пернебеков жарақат алып, салоннан шығып үлгереді», - деді прокурор О.Орынбасарұлы.

Айта кетейік, автобус өртіне қатысты «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу», «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу», «Міндеттеріне адал қарамау», «Көлiк құралдарын сапасыз жөндеу немесе оларды техникалық ақауларымен пайдалануға шығару» баптарымен үш жүргізуші және механик, құрылтайшы айыпталып жатыр. Олар: Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков, Барат Таңатов, Нұрлыбек Тілепбаев, Бахадүр Пердебаевтар.

Соңғы жаңалықтар