Ақтөбедегі автобус өрті: Сот отырысы енді Ырғызда өтпейді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Өзбекстан азаматтары жанып кеткен автобус өртіне қатысты сот отырысы Ақтөбе қаласында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Ырғыз ауданы Ақтөбе қаласынан 450 шақырым қашықтықта болған соң қорғаушылар негізгі сот отырысының облыс орталығына ауыстырылуын сұраған болатын. Ырғыз аудандық соты өтінішті қанағаттандырмай, қорғаушылар облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсірді. Бүгін облыстық соттың аппеляциялық құрамы шешім шығарды.

«Оқиға Ырғыз ауданында болғанымен, тергеу жұмыстары Ақтөбе қаласында өтті. Сонымен қатар, күдіктілерді ұстау, оларды қамауға алу туралы шешімді №2 Ақтөбе қалалық соты шығарды. Осы деректерге сүйеніп, істі Ақтөбе қаласында қарауды сұраймыз»,- деді қорғаушы Нұржамал Әжіғалиева.

Ал қорғаушы Хайролла Әлмағамбетов сот Ырғыз ауданында өтсе жәбірленушілер мен куәгерлердің, айыпталушылардың қатынасы қиындап, жатын орын үлкен мәселеге айналатынын жеткізді.

«Сот отырысына Өзбекстаннан 100-ден астам адам, Шымкент мен Қызылордадан куәгерлер мен жәбірленушілер келеді. Ырғызда қонақ үй жоқ, қатынас та қиын. Тек такси арқылы баруға тура келеді. Сондықтан сот отырысы өтетін орынды Ақтөбе қаласына ауыстыруды сұраймыз»,- деді ол.

Айта кетейік, аппелияциялық сот алқасы қорғаушылардың өтінішін қанағаттандырған жоқ. Дегенмен судьяның облыс орталығына қатынауына мүмкіндік берді.

«Ырғыз аудандық сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Бірақ сот отырысы Ақтөбе қаласында өтеді. Біз судьяның Ақтөбе қаласына келіп, осы жердегі сот ғимаратында істі қарауына жағдай жасаймыз»,- деді аппеляциялық сот алқасының төрағасы Елемесов. 

Соңғы жаңалықтар