Ақтөбедегі автобус өрті: Айыпталушылар өз кінәсін мойындамады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі автобус өрті кезінде қаза болған өзбекстандықтардың өлім себебі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Өзбекстан азаматтарына жасалған сот-биологиялық сараптама қорытындысы жария етілді. Прокурор Осман Орынбасарұлының айтуынша, өзбекстандық жолаушылар түтінге уланып, карбоксигемоглобиннен көз жұмған. Сонымен қатар, кейбір мәйіттер толық жанып кеткен, олардың тек аты-жөні анықталды. Өзбекстандық азаматтардың денесінің кейбір мүшесі табылмағанын прокурор айыптау қорытындысы кезінде айтып берді.

Айта кетейік, сот отырысы кезінде сотталушылар Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатов, Нұрлыбек Тілепбаев, Бахадүр Пердебаев өзіне тағылған айыппен келіскен жоқ. Барлығы өз кінәсін мойындамады. Ертең сот отырысы жалғасады. Алдымен жәбірленушілер мен куәгерлер тыңдалып, кейін сотталушылардан жауап алады.

«АзияТранзитСервис» ЖШС-нің құрылтайшысы Нұрлыбек Тілепбаевқа Қылмыстық кодекстің «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу», «Мiндеттерiне адал қарамау», Көлiк құралдарын сапасыз жөндеу немесе оларды техникалық ақауларымен пайдалануға шығару» баптары бойынша айып тағылды. Ал механик Б.Пердебаев «Көлiк құралдарын сапасыз жөндеу немесе оларды техникалық ақауларымен пайдалануға шығару» бабы бойынша айыпталып отыр. Жүргізушілер  Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатовқа «Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу», «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» баптары бойынша қылмыс жасаған», - деді прокурор О.Орынбасарұлы.

Еске салсақ, автобус өртіне қатысты негізгі сот отырысы басталды. Бүгін прокурор О.Орынбасарұлы айыптау қорытындысын оқып, айыпталушылар мен жәбірленушілердің анкетасы нақтыланды.

Айта кетейік, биыл 18 қаңтар күні Самара-Шымкент тасжолында автобус өртеніп, 52 адам қаза болған еді.

 

Соңғы жаңалықтар