Ақтөбедегі автобус апаты: Облыс әкімі зардап шеккен оқушылардың жағдайын білді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде автобус аударылып, оқушылар ауруханада ем алып жатыр. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин зардап шеккендердің жағдайын білді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназиясының 5 сынып оқушылары мен ата-аналары мінген автобус аударылып қалды. Балалардың бәрі дін аман, ауруханада ем қабылдап жатыр.

«Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин төтенше оқиға бойынша жауапты сала басшыларымен шұғыл кеңес өткізіп, облыстық балалар ауруханасына барды. Сол жерде апатқа ұшыраған барлық оқушылардың және ата-аналардың хал-жағдайымен танысты.

Айта кетейік, бұл төтенше оқиға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен бақылауға алынды. Аймақ басшысы облыстық балалар ауруханасының бас дәрігеріне барлық оқушылардың денсаулықтарын толықтай тексеріп, қадағалауы қажет деп тапсырма берді», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Ақтөбе қаласынан 13 км жерде орналасқан Солтүстік айналма жолында жол-көлік оқиғасы тіркелді. Автобус жүргізушісі жол ережесін бұзып, апатқа ұшыраған.

Өңір басшысы облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөліміне облыстық полиция департаментімен бірлесіп, демалыс күндері табиғат аясына сапарға шығатын ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар