Ақтөбедегі авиажөндеу зауытына қаржылық-экономикалық қолдау қажет – облыс әкімі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбедегі шағын әуе кемелерін күрделі жөндеумен және техникалық қызмет көрсетумен айналысатын зауытта тапсырыс тым аз. Зауыт ұжымымен кездескен аймақ басшысы Оңдасын Оразалин мәселенің шешімі іздестірілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ұжымда туындаған мәселелер туралы білемін. Бұл – бірегей кәсіпорын, қателеспесем баламасы тек Алматыда ғана бар. Біздің өңір үшін зауыттың маңызы зор. Мен оның алдағы тағдырына бей-жай қарамаймын. Кәсіпорын толық қуатында болмаса да, өндірістің барлық қажеттіліктерін қанағаттандыратындай және болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретіндей жұмыс жасауы үшін алдағы уақытта не істеу керегін талқылайтын боламыз», - деді облыс әкімі.

Авиажөндеу зауыты 1939 жылы салынған. Қазіргі уақытта зауытта күрделі жөндеу және техникалық қызмет көрсету, модификациялау мен жетілдіру, Ан-2 ұшақтарының, Ми-2 тікұшақтарының құрамдас бөліктерін жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

«Жылына онға жуық АН-2 ұшағын, 4-5 МИ-2 тікұшағын шығарамыз. Қазақстандық тапсырыстар аз болғандықтан, биыл ресейлік авиацианың сертификатын алдық. Енді ресейлік авиакомпаниялардың да ұшақтарын жөндей аламыз. Сертификат алу оңай болған жоқ. Бұл жүктеме көлемін 2001 жылғы деңгейге дейін арттырады деп үміттенеміз. Жұмыс көлемінің болмауына байланысты қызметкерлер саны 170-ке дейін қысқарды, бірақ жүктеме болса, бізге көбірек жұмысшы қажет болады», - дейді зауыт басшысы Қуандық Қадірбаев.

Кездесу барысында қызметтер тізбесін кеңейту және жабдықтардың жаңа түрлерін шығаруды игеру мүмкіндіг, жобалаушы, инженер-технолог мамандарының тапшылығы сөз болды. Өңір басшысы ұжымның ұйымшылдығына тоқталды.

«Бүгін мен еңбек етуге, өндірісті сақтап қалуға құлшынысы зор ұжымды көрдім. Қазіргі жағдай кәсіпорынды дамытуға мүмкіндік бермейтіні анық, тіпті жалақыны көтеруге де. Ең алдымен, зауытты қаржылық-экономикалық қолдау жұмыстарын жүргізу қажет», - деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімі авиажөндеу зауытының жүктемесін арттыру мәселесі орталық мемлекеттік органдар деңгейінде көтерілетініне уәде берді.


Соңғы жаңалықтар