Ақтөбедегі ауылдарда интернет жоқтың қасы - Президент

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Облыстағы ауылдардың 11,5 пайызына ғана талшықты-оптикалық желі тартылған. Интернет жоқтың қасы. Бұл туралы Президент Ақтөбе облысына жұмыс сапары кезінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев облыс әкімі Оңдасын Оразалинге 8 тапсырма берді.

«Мемлекет бизнесті, шағын және орта кәсіпті қолдайды. Қазір мемлекет ең ірі тапсырыс беруші қызметін атқарып отыр. Біз отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілетті болуы, мемлекеттік сатып алуға қатысуы үшін бар жағдайды жасаймыз. Елбасы 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 50 пайызға жеткізуді тапсырды. Алдағы 5 жылда 30 пайызға жетуді көздеп отырмыз. Тапсырма қиын, бірақ орындауға болады. Дегенмен қазір облыстағы шағын және орта бизнестің экономикаға үлесі 20 пайыздан аспайды», - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өз сөзінде ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасына баса мән беріп, алшақтықты түбегейлі жою үшін қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді. 2022 жылға дейін елімізде апатты жағдайдағы және үшауысымды мектептер мәселесі толық шешіледі. Ақтөбе облысында қазір 13 үшауысымда және 3 апатты жағдайдағы мектеп бар. Ақтөбе қаласының өзінде 26 мың бала кезекте тұр.

«Облыс әкіміне осы мәселелер бойынша нақты ұсыныстар дайындауды тапсырамын. Әрі жастардың кәсіптік, техникалық және жоғары білім алуына жағдай жасауымыз керек. Адам капиталын дамыту - бүгінгі заман талабы. Сол себепті жастардың білім алуына, кәсіби біліктілігін арттыруға баса назар аударамыз. Алдағы 5 жылда білім және ғылым саласына жұмсалатын қаржы ІЖӨ-нің 5 пайызына дейін өседі», - деді Президент.

Сонымен қатар, өңір жұртшылығымен кездесу кезінде Ақтөбе облысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосатын орталыққа айналуы тиіс деп тапсырма берді.

«Аймақта агросектордың әлеуеті толығымен игерілмей жатыр. Ақтөбе облысы - жердің көлемі жағынан еліміздегі ірі өңірлердің бірі. Яғни, ауыл шаруашылығын дамыту үшін қажетті ресурс жеткілікті. Оны тиімді пайдалану қажет. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығын дамыту бойынша нақты жұмыс жоспарын дайындауы тиіс. Үздік басқару тәжірибесін, озық технологияны пайдалану қажет. Агросекторды дамытсақ ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындары ашылады, экономиканың қарқыны артады. Сапалы жол, таза ауыз су, жарық болмай, ауылдың дамуы жайлы сөз қозғау мүмкін емес», - деді Президент.

Кездесу кезінде цифрландырудың көрсеткіші төмен екені айтылды. Яғни, волоконды-оптикалық желі әлі дұрыс тартылмаған.

«Өңірде цифрландыру көрсеткіші төмен. Облыстағы ауылдардың 11,5 пайызына ғана талшықты-оптикалық желі тартылған. Ауылда интернет жоқтың қасы. Үкімет осы мәселені шешуі тиіс. Цифрландыру болмаған соң атаулы әлеуметтік көмек беру кезінде алаяқтық жасағандар да болды. Міндетті медициналық сақтандыру, білім саласында да цифрландыру маңызды», - деді Президент.

Соңғы жаңалықтар