Ақтөбедегі ауыл тұрғындары көлік доңғалағын қайыққа айналдырды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі Байғанин ауданының Көкбұлақ ауылы көктем сайын қатынассыз қалады. Сағыз өзеніндегі қар суы тасыған кезде өткелді су шайып кетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкбұлақ ауылы Қарауылкелді ауылдық округіне қарайды. Мұндағы халық жыл сайын көктемде аудан орталығына бара алмайды. Себебі, Сағыз өзенінің бастауы қар суына толып, сең жүрген кезде тұрғындар өз қолымен құрастырған көпір жарамсыз күйге түседі. Ал жергілікті әкімдік бұл ауылға мүлдем көпір қажет емес деген шешімге келген.

«Көкбұлақ ауылында көпір болған емес. Халық өз қолымен құбыр қойып, өткел жасап алған. Қар суы еріп, сең жүрген уақытта Сағыз өзенінің арнасы толып, қатынас болмай қалады. Бір апта байланыс үзіледі. Бұл жер Сағыз өзенінің бастауы. Жазда мүлдем су болмайды. Аз уақыттан кейін құрғап кетеді», - деді Байғанин аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жолдыбек Айсұлтан. Жауапты маман көпірге мол қаржы қажет дегенімен жобалық-сметалық құжат туралы еш ақпарат айта алмады.

Ал Көкбұлақ ауылының тұрғындары көктемгі су тасқыны кезінде өздері қолдан жасап алған қатынасты жандандырады. Бұл ауылдың халқы көлік доңғалағынан жасалған қайықты арқанға байлап, өзеннің арғы беті мен бергі бетінде тұрған ер адамдардың күшімен аудан орталығына барып жүр. 

Соңғы жаңалықтар