Ақтөбедегі арналары тартылған өзендердің жағдайы не болады – Сапарбаевтың жауабы

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбелік табиғат жанашырлары өзендердің арналарын тазарту жұмыстары бұдан әрі қалай жалғасатынын Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтан сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы ақпан айында Ақтөбеде болған су тасқынынан соң қала маңындағы 7 өзеннің, атап айтқанда, Елек, Қарғалы, Песчанка, Тамды, Сазды, Бұтақ және Жаман Қарғалының арналарын кеңейту, табанын тазарту жұмыстары жоспарланды. Бұған республикалық бюджеттен 6,7 миллиард теңге де бөлінді.

Алайда, кейін табиғат жанашырлары өз уәждерін алға тартып, жұмыстарға қарсылықтарын білдірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзен арналарын кеңейту бойынша гидрологиялық жұмыстардың дұрыс ойластырылмағанынан экологиялық қауіпті жағдай қалыптасып отырғанын айтып, Экология, геология және табиғатты қорғау министріне мәселені шұғыл шешуді тапсырды. Маусым айында министр Мағзұм Мырзағалиев өңірге келіп, жағдаймен танысты.

Бердібек Сапарбаевтың Ақтөбеге сапары барысында «Дыши Актобе» белсенділер тобының өкілі осы жұмыстың әрі қарай қалай өрбитінін сұрады.

«Жол картасы аясында тек Ақтөбе облысында емес, еліміздегі су басу қаупі басым өңірлерде өзен арнасын тазарту жұмысын жүргізу жоспары құрылды. Мәселен, Ақтөбеде арнайы конкурс ұйымдастырылып, жобалық-сметалық құжат, кейін құрылыс-монтаждау жұмысы жүргізілді. Арыз түскен соң облыстық прокуратура мен Бас прокуратура тергеу жүргізіп жатыр. Қорытындысы шықса, хабарын береді. Ал бақылау - Экология министрлігінің міндеті. Комиссия құрылып, «жобаның тиімдігі бар ма, жоқ па?» деген сұрақ қаралды. Жеке ойым – жоба жалғасуы тиіс. Қателіктер болса жойып, бүгінді емес, ертеңді ойлауымыз қажет. Биыл су жетпесе келесі жылы бәрі басқаша болуы мүмкін. Ағымдағы жылы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында су аз болып, өзен арналары тартылды», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, бақылауды тапсырыс беруші жүргізуі тиіс. Бұл жерде тапсырыс беруші – қалалық әкімдік.

Соңғы жаңалықтар