Ақтөбедегі ақылы жерлеу рәсімі заңсыз болып шықты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жерлеу рәсімімен айналысқан орталықтың ісі заңсыз болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстағы бейіттер Жерлеу рәсімін ұйымдастырудың бірыңғай орталығына 2017 жылы берілген болатын. Сол кезде халық қарсы болғанымен арнайы орталық бағаны бекітіп, жұмысын бастады. Христиан рәсімімен жерлеу 80 мың теңге болса, мұсылманша жерлеу 120-450 теңге аралығында. Қарапайым халық өзі кіріп, жер қазып жерлей алмайды. Ең құрығанда қызметі үшін орталық 20 мың теңге алып отырған. Қазір бұл істің заңсыз екені анықталды.
«Жерлеу рәсімі бір ғана орталыққа берілген. Бұл бәсекелестік заңдылығына қарсы. Сондықтан әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін іс сотқа жіберілді. Орталыққа 200-1500 АКЕ көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Бізге өзге жерлеу рәсімін ұйымдастыратын орталық арыз жазған болатын. Сол арыз бойынша тексеру жүргізілді. 2018 жылы сотқа жіберіліп, департамент жеңіліп қалды. Ал Жоғары сот шешімді бұзып, бәсекелестік заңнамасының сақталмағанын растады», - деді облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының орынбасары Сағындық Ерғалиев.
Айта кетейік, 2017 жылы 50 бейіт Жерлеу рәсімін ұйымдастырудың бірыңғай орталығына сенімгерлік басқаруға берілді. Сол кезде департамент басқа орталықтардың да еркін жұмыс істеуіне жол ашуға ұйғарым берген. Тіпті Жер туралы кодекс бойынша қайтыс болған әр адамға 6 шаршы метрлік жер тегін берілуі тиіс. Әр адамның артында қалған туған-туыстары кедергісіз жерлеуді жүргізе алады. Бірақ Ақтөбеде бұл заңдылық сақталмады.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне шағым түсірдік. Себебі бейіттерді сенімгерлік басқаруға алған компания өзге орталықтарды территорияға мүлде кіргізбеді. Мәселен, жерлеуге келген әр адамнан 20 мың теңге алды. Бұл кезде жерді қазбайды, дайындамайды. Бұл тек бейіттен орын алуға төленетін ақша. Ал орталық тек осы қызметі үшін деп келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлейді», - деді жерлеу қызметтерін көрсетушілер қауымдастығының заңгері Расима Латыпова.

Соңғы жаңалықтар