Ақтөбедегі 4 жұмысшының өлімі: Қылмыстық іс қозғалды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе мыс компаниясындағы қайғылы оқиғаға байланысты тергеу жүріп жатыр. Зардап шеккен бір жұмысшы үйіне жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдайлар қызметіне хабарлама 30 желтоқсан күні сағат 21:21-де түсті. Оқиға орнында төрт жұмысшы көз жұмды . Бір жұмысшыны өрт сөндіру компаниясының қызметкері аман алып шыққан. Қазіргі кезде ол үйіне жіберілді. Ал өзге жұмысшылардың денесі таңғы сағат 5:30-да 1,5 шақырым тереңдіктен жер бетіне шығарылды. Облыстық ТЖД хабарлауынша, таңға дейін оқиға орнында тергеу жүрген. Сонымен бірге жарылыс кезінде өрт болғаны анықталды.

«Кен орнындағы жарылыс – қалыпты жұмыс. Жарылыс жасап, кен игеріледі. Бір айта кетерлігі, қаза болған жұмысшылардың денесінде ешқандай белгі анықталмады. Яғни, үстіне ауыр зат құлады деп айта алмаймыз. Қазір тергеу жүріп жатыр. Көз жұмған адамдардың екеуі жарылыс жасаушы, біреуі жүргізуші және тағы біреуі өндіріс шебері. Жасы үлкені 43 жаста, өзгесі 39, 37 және 35 жаста. Комиссия құрамында жергілікті атқарушы орган өкілі, еңбек инспекциясы, облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасы мен құқық қорғау органдарының өкілі бар», - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Қасым.

Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің «Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар