Ақтөбеде зиянды қалдық төккендердің кәріз құбыры уақытша жабылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде наубайхана, дәмхана мен Орталық базар өз жұмысын уақытша тоқтатты. Себебі кәріз құбырын бүгін «Ақбұлақ» АҚ қызметкерлері бітеп тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында жаз айларында жағымсыз иіс күшейеді. Экологтар мұның бәрі рұқсат етілген шекті концентрацияның артуынан деп түсіндірді.

«Қаладағы жағымсыз иістің күшеюі кәріз суын тазалау қондырғысынан болып отыр. Сонымен қатар тамақтану орны, көлік жуу секілді қызмет көрсету орындары май тұту құрылғыларын пайдаланбайды, кейде оны техникалық тазартудан уақтылы өткізбейді. Ыдыс жууға арналған сұйықтықтар да аса зиянды, иіс шығаруды күшейтеді. Екіншіден, спирт зауытынан қалған қалдықтар. Өткен жылдан бері «Экополис» компаниясымен жұмыс басталып, жалғасып жатыр. Нәтижесінде қалдықтың 30 пайызы залалсыздандырылды», - деді облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықов.
null

Енді Ақтөбе қаласындағы сасық иісті толық кетіру үшін кәріз құбырын тазалау құрылғысын қайта жөндеуге 16 миллиард теңге қажет. Мамандар тексеру күнделікті жүретінін, алайда рұқсат етілген шекті концентрация кейде 12-ге жететінін айтып берді. Бұл кезде сасық иіс күшейіп, адамдардың тыныс алуы нашарлайды.

Айта кетейік, бүгін кәріз құдығын мейлінше ластап, ескертуге құлақ аспаған үш компания жұмысын тоқтатты. Олардың бәрі де тамақ өндірісіне қатысты.

«Биыл 5 айда 600-ден астам сынама алынып, зиянды заттарды асыра төккен 100 мекеме анықталды. Ал 46 мекеме бір емес, бірнеше рет заңсыздыққа жол берген. Кәріз құбырына төгілетін судың зертханалық-сараптамалық қорытындысы бойынша «Урарту» компаниясы, «Ишхан» дәмханасы мен Орталық базар талаптарды сақтамаған. Ескерту берілді, ережеге сәйкес өздігімен су төгуді тоқтатуы керек еді. Бірақ олар шара қолданбаған соң амалсыздан бүгін уақытша тоқтатылды», - «Ақбұлақ» АҚ-ның вице-президенті Тимур Бабанаев.

Талап бойынша тамақ өндірісі май тұтқыштарды қолдануы керек. Ал ірі тамақ өндірістері локалды тазалау құрылғыларын қондырады. Әрі уақытылы техникалық тазалау жүргізуді ұмытпауы тиіс.
null

«Бізде 120 адам жұмыс істейді. Бүгін олардың бәрі жұмыссыз қалғалы отыр. Тіпті әлеуметтік араздық туып кетуі мүмкін. Біз де шағымданамыз», - деді «Урарту» компаниясының иесі Гарик Тертерян.

Соңғы жаңалықтар