Ақтөбеде жылу құбырларының 40% тозды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласында жылу құбырының 40% тозып тұр. Биыл 4,5 шақырым құбыр жаңартылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылыту маусымы кезіне коммуналдық мекеме басшылары күндіз-түні кезекшілікпен жұмыс істейді. Қазіргі кезде жылыту орталығы үздіксіз қызмет көрсетіп тұр. Бюджеттік ұйымдар үшін 33 мың тоннадан астам көмір және 1700 тоннадан астам дизель отыны жеткізілді. Ал қарапайым халық үшін 24 мың тонна көмір жеткілікті.

«Тұрғындарға арналған көмір шілде айынан бастап әлі тасымалданып жатыр. Бүгінде 20400 тонна қатты отын тасылды. Тоннасы 17-18 мың теңге. Сонымен бірге 19 вагон көмір жолда келе жатыр», - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұртай Сертаев.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласына «Aqtobesu-Energy Group» АҚ-ы қызмет көрсетеді. Компанияда 25 қазандық, 263 шақырымға жуық жылу желісі бар. Мекеме 98 мың жеке, 2600-ден астам заңды тұлғаға қызмет көрсетеді.

«Жылумен жабдықтау нысаны штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Негізі жылу желісінің 40 пайызы тозған. Жыл сайын инвестициялық бағдарлама аясында ауыстыру жұмысы жүргізіледі. 2025 жылға дейін жылу құбырын жөндеуге 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады»,- деді «Aqtobesu-Energy Group» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Рүстем Арыстанов.

Мекемеде келесі жылы тариф көтеру сұрағы қарастырылмаған.


Соңғы жаңалықтар