Ақтөбеде жылқылар мен сиырларға жарық шағылыстыратын баулар тағылады

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбелік полиция қызметкерлері үй жануарларының кесірінен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Самара-Шымкент тас жолы бойында шаруа қожалықтардың басшыларымен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесулер барысында мал иелеріне түнгі уақытта жүргізушілер жолда кетіп бара жатқан малдарды көру үшін жылқыларға, сиырларға байлайтын жарық шағылыстырғыш баулар берілді. Осылайша полицейлер жолдағы апаттарды азайтуды көздеп отыр.

«Ақтөбе облысы ПД әкімшілік полиция қызметкерлері жол қызметтерінің өкілдерімен бірлесіп, үй жануарларының қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Хромтау ауданының Самара-Шымкент автожолына жақын орналасқан шаруа қожалықтарының иелерімен кездесті.

Кездесу барысында ШҚ иелеріне түнгі уақытта малды белгілеу үшін жарық шағылыстырғыш ленталар берілді, мал жаю бойынша негізгі талаптар түсіндірілді», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұлов.

Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында автожолдың апаттық-қауіпті учаскелерінде жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдары орнатылды.


Соңғы жаңалықтар