Ақтөбеде «Жұбановтар әлемі» мәдениет орталығы ашылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде мәдениет, әдебиет саласының мамандарын, ғалымдарды бір ортаға жинайтын «Жұбановтар әлемі» орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Меценат Қайрат Мәйтеков «Жұбановтар әлемі» мәдениет орталығын 100 күнде салып бітірді. Орталық ақын-жазушы, суретші мен музыканттарды тәрбиелеп, аға ұрпақтың жиналатын, басқосатын орнына айналмақ. Бұған дейін хабарлағанымыздай, мұнда Жұбановтар әулетіне арналған музей жабдықталып жатыр. 

Жаңа орталықтың ашылуына ақын Ақұштап Бақтыгереева, композитор Төлеген Мұхамеджанов, биология ғылымдарының докторы, академик Ажар Ахметова мен филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұбанов қатысты.

«Жұбановтар отбасы - Қазақстанның алтын қоры. Өкінішке қарай, мұндай отбасы Қазақстанда әзірге жоқ. Біздің арманымыз - осындай отбасының өмірге келуі, әсіресе, Ақтөбе жерінде. Ақтөбенің топырағы қасиетті. Қазақ отбасы осы әулеттен үлгі алуы керек. Сондықтан «Жұбановтар әлемі» орталығында композитор, жазушы, ақын, суретші секілді шығармашылық одақтың мүшелері отыруы тиіс. Осы жерде жақсы ән, жыр жазылып, суреттер салынуы қажет. Димаштың да Ақтөбе жерінен шығуы тегін емес. Ол да бір тарихи оқиға. Алдағы уақытта пікір алмасу алаңы ойды дамытуға, шығармашылықты шыңдауға септігін тигізеді деген сенім бар»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

«Жұбановтар әлемі» орталығында Жұбановтар әулетінің мұражайы бар. Мұнда Құдайберген, Ахмет, Ғазиза Жұбановтардың көзі тірісінде жарық көрген кітаптарымен қоса, фотоқұжаттар, ноталар, пластинкалар сақталған.

«Жұбановтар әулеті үшін бұл ерекше күн. Бұл жерде ата-анамыз, бауырларымыз туып-өсіп, Ақтөбеден шыққан ұл-қыздар өздерінің мықты екенін көрсетті. Орталық ішінде концерт залы бар, музей жабдықталып жатыр. Алдағы уақытта орталық ойы бір адамдарды жинап, рухани азық алатын жерге айналады»,- деді академик Ахмет Жұбановтың қызы Ажар Жұбанова.

Шараға қатысушылар сондай-ақ «Жыр жазамын жүрегіммен» атты республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттады.



 

 

Соңғы жаңалықтар