Ақтөбеде жолдың қарсы бетіне шығып екі көлікті соққан Daewoo Nexia өртеніп кетті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде жол-көлік оқиғасы салдарынан үш көлік соқтығысып, біреуі жанып кетті. Үш адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін сағат 06:00 шамасында Ақтөбе қаласындағы 312-атқыштар дивизиясы даңғылының бойында Daewoo Nexia автокөлігінің жүргізушісі рульді басқара алмай, қарама-қарсы бағытқа шығып кетті. Салдарынан Lada Priora және Opel Vectra автокөліктерімен соқтығысқан.

«Жол-көлік оқиғасы кезінде Daewoo Nexia автокөлігі оқиға орнында өртеніп кеткен. Daewoo Nexia автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы және Lada Priora автокөлігінің жүргізушісі түрлі жарақаттармен Ақтөбе қаласының медициналық жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

«Бүгін таңертең ауруханаға үш науқас жеткізілді. Олардың біреуінің жағдайы ауыр болып, жансақтау бөліміне жатқызылды. Екіншісі травматология, үшіншісі политравма бөлімшесіне жіберілді. Қазіргі кезде жағдайлары тұрақты. Толық тексеруден соң нақты диагнозын айта аламыз. Ешқайсысына ота жасалған жоқ. Жарақат алғандардың екеуі әйел, біреуі ер адам», - деді Жедел жәрдем ауруханасы политравма бөлімшесінің травматолог дәрігері Әділбек Қаражанов.


Соңғы жаңалықтар