Ақтөбеде жолақы қымбаттаса кімдерге жеңілдік жасалады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында жолақы мен қоқыс тарифін көтеру мәселесін мәслихат депутаттары талқылап, зейнеткерлер мен студенттерге жеңілдік сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, Ақтөбе қаласындағы «Автопарк» ЖШС-і мен Қалалық жолаушылар тасымалы кәсіпорны жаңа автобустар сатып алып, кейін жолақыны көтеруді сұрап, барлығы 6 қоғамдық тыңдау өткен болатын.  Ал бүгін қалалық мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері бұған қатысты өз ұсыныстарын айтты.

«Халықпен кездесіп, сөйлескен кезде олар қарсы болды. Бірақ біздің есебіміз дайын. Егер тариф көтерілсе жүргізушінің жалақысы көбейіп, қызмет көрсету сапасы жақсарады»,- деді Ақтөбе қалалық жолаушылар тасымалы кәсіпорнының директоры Рүстем Ерғалиев.

Жиын кезінде Ақтөбе қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Төреғали жеңілдіктер ретін түсіндіріп берді.

«Атырау, Орал, Семей, Қостанай, Көкшетау қалаларында жол құны 80 теңге, Шымкентте 70, Өскеменде 75, Қызылордада 90 теңге болып отыр. Тасымалдаушылар жаңа тарифке өтініш берді. «Автопарк» ЖШС-і шығынды есептеп, 212 теңге деп белгіледі. Ал Жолаушылар тасымалы кәсіпорыны 185 теңге деп ұсынды. Жеңілдіктер ретінде ҰОС қатысушылар, ҰОС қатысушыларына теңестірілгендер мен 1 топ мүгедектеріне, 12 жасқа дейінгі мүгедек балаларға тегін жүру құқығын беруге келісіп отыр. Жасына байланысты зейнетке шыққан адамдарға, ауған соғысына қатысқандар мен 2,3 топ мүгедектеріне 60 теңге ұсынылды»,- деді Ақтөбе қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Төреғали.

Жиын кезінде мәслихат депутаты Мұратбай Әжібаев зейнеткерлерге 55 теңге күйінде қалдырып, студенттерге жеңілдік қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар, жиын кезінде Чернобыль мен Ауған соғысына қатысушыларға тегін жүру құқығын беру туралы айтылды. Келесі аптада депутаттар нақты шешім қабылдайды. 

Соңғы жаңалықтар