Ақтөбеде жолақы қымбаттады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында жолақы 55 теңгеден 80 теңгеге қымбаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақтөбе қаласында жолаушылар тасымалымен айналысатын «Автопарк» ЖШС-і мен Қалалық жолаушылар тасымалы кәсіпорны бұған дейін жолақыны 55 теңге күйінде сақтап отырды. Ал ертеңнен бастап қаладағы жолақы 80 теңге болады.

«Қалалық мәслихат депутаттары «жолақы құны 80 теңге болады» деген шешімді осы жылдың 28-тамызы күні қабылдады. Бір айдан соң депутаттардың келісімі негізінде қалалық әкімдік шешім шығарды. Біз ресми бұқаралық ақпарат құралдарына хабарлама шығуын күттік. 17-қазан күні хабарлама шықты. Заңға сәйкес ертеңнен бастап жолақы 80 теңге болады. Талап бойынша тасымалдаушы компания жыл соңына дейін электронды билетке арналған аппаратты қондыруы керек. Сонымен қатар, жаңа автобустар сатып алынады», - деді «Автопарк» ЖШС-нің заңгері Руслан Жылқаманов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, жасы 7-ге толмаған балалар, ҰОС ардагерлері, ардагерлерге теңестірілген адамдар мен зағип І, ІІ топ мүгедектері, мүгедек балалар қоғамдық көлікте тегін жүре алады. Ал 7-15 жастағы балалар 40 теңге, жасына байланысты зейнетке шыққандар мен Чернобыль апатын залалсыздандырған адамдар және ІІ, ІІІ топ мүгедектері 60 теңге төлейді.

Еске салсақ, қоғамдық тыңдау кезінде ақтөбелік тасымалдаушылар 55 теңгелік жолақыны бірден 200-212 теңгеге көтеруді сұрады.

Соңғы жаңалықтар