Ақтөбеде жол жөндеуге 5,3 млрд теңге бөлінді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы бойынша жол жөндеуге 5,3 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қаладағы жөндеуді талап ететін Әбілхайыр хан, Әз-Наурыз, Бөкенбай батыр, Сәңкібай батыр сынды бірнеше көшелерді аралады.

«Ақтөбедегі жол проблемасы бір күнде болған дүние емес. Өткен жылы қаражаттың қаралмауы, екі-үш жыл бұрынғы мердігер мекеме жұмыстарының салғырттығынан жолдардың жағдайы осындай күйге түсіп отыр»,- деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
2020 жылы облыстық, қалалық, республикалық бюджеттерден қала жолдарын жөндеуге 5,3 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар құны 11,8 млрд теңге болатын автомобиль жолдарын жөндеу үшін 40 жобалық-сметалық құжат әзірленді. Осы жобаларды толық іске асқанда асфальт жамылғысымен қамтылған автомобиль жолдарының көрсеткіші 80% дейін жетеді. Қазіргі кезде арыз-шағым күрт көбейіп, «Ерхат жолдары», «Автолайн», «Барлық құрылыс» мердігер мекемелері өз қаржысына және демеушілік жасап, ой-шұқырларды бітеу жұмыстарын бастады.
«Көпшіліктің, әсіресе көлік жүргізушілердің жанайқайын түсініп отырмын. Дегенмен, ашуға беріліп, эмоцияға салынғанда ешнәрсе шешілмейтінін түсінуіміз керек. Қалаға жанашыр азаматтар істі қолға алды. Болашақта сапалы жолдарға қол жеткіземіз деген сенімдемін», - деді Оңдасын Оразалин.
Өңір басшысы қала әкімі Мавр Абдуллинге мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысатын мердігер компанияларға талапты күшейтуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар