Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.18 eur/kzt 485.56

    rub/kzt 7.76 cny/kzt 70.34
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Ақтөбеде жол жөндеу жұмыстары қарқын ала бастады

2022 жылғы 11 маусым 16:49

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде бірнеше айналма жол мен республикалық трассада құрылыс қарқын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, «Ақтөбе-Қандыағаш» автокөлік жолын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Қазір жұмыс жолдың 11-52 шақырымы аралығында және 52-шақырымнан Қандыағаш қаласына дейінгі екі учаскеде жүргізіліп жатыр.

«Бүгінде алғашқы үш шақырымдағы жұмыс аяқталды. Біз қазірдің өзінде 19 шақырымға дейін асфальт төсеуді бастадық және келесі аптаның соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», - дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе филиалының басшысы Марат Махамбетов.

Жоба ауқымды. Жолды төрт жолаққа дейін кеңейту жоспарланып отыр. Көпірлер, мал өтетін жер мен темір жол өткелдерін салу қарастырылған. Мамандардың айтуынша, биыл жоғары сапалы жол төсемі автокөлік жүргізушілеріне қолжетімді болады.

Ақтөбе-Атырау тас жолының Ақтөбе қаласынан Бестамақ ауылына дейінгі аралықтағы екі жолақ тамыздың ортасына дейін аяқталып, күзде Қандыағашқа дейінгі жолақ ашылуы тиіс.

Сонымен бірге, Ақтөбе қаласының Оңтүстік айналма жолын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жұмыс барысымен танысқан өңір басшысы бірқатар тапсырма берді.

«Жол мәселесі тұрғындардың наразылығын тудырып отыр. Өткен жылы мердігер жауапкершілігінің төмендігінен жұмыс тоқтап қалса, биыл жауын-шашыннан кейін жұмыс қайта жанданып, жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Ең алдымен, осы айдың соңына дейін Ясное ауылының маңындағы жол құрылысы аяқталып, көлік қозғалысы қалпына келуі тиіс. Күзге қарай асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталуы керек. Бұл жерде қаржыға байланысты сұрақтар жоқ. Жұмыс кестесінің сақталуын тұрақты бақылап отыруды қамтамасыз етіңіз», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырға.

Тағы бір маңызды жоба – батыс айналма жолының құрылысы. Ұзындығы 8,3 шақырым болатын жол Самара-Шымкент және Ақтөбе-Мәртөк-РФ шекарасы тас жолын қосады. Ауыр жүк көліктерінің қалаға кірмеуіне және тікелей өнеркәсіп аймағына өтуіне мүмкіндік береді. Жобаны келесі жылы аяқтау жоспарланған.

Қаланың кеңеюіне байланысты Ақтөбеде Тәуелсіздік даңғылын 8 жолаққа дейін кеңейту жұмыстары басталды. Сондай-ақ, М. Шоқай көшесі 6 жолаққа дейін кеңейтіледі. Шілде айының соңына дейін Ә. Молдағұлова даңғылынан М. Шоқай көшесіне дейінгі учаскеде қозғалыс ашылады деп жоспарланған. Осыдан кейін М. Шоқай көшесі қалпына келтіріледі. Бұл көше облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес оқу жылы басталғанға дейін ашылуы тиіс. Жоба бойынша Тәуелсіздік даңғылын қалпына келтіру жұмыстары келесі жылы толық аяқталады.


Автор:

Алтынай Сағындықова

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары