Ақтөбеде жол апатынан екі адам оқиға орнында көз жұмды

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында жол-көлік апаты болып, екі адам оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Кеңқияқ ауылы маңында болды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Нива» автокөлігінің жүргізушісі жолдың қарама-қарсы бағытына шығып, КамАЗ жүк көлігімен соқтығысқан. Жүргізуші мен жанында отырған жолаушы оқиға орнында көз жұмды.

«Жол-көлік оқиғасынан соң қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде тергеу жүріп жатыр», - деді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Жеңіл көлік ішінде болған екі адам да - ауыл тұрғыны. Жүргізушінің артында 6 баласы қалды.

Айта кетейік, қазір Ақтөбеде «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Төрт күнде 300-ден астам заң бұзушылық тіркелді. Оның ішінде, 21 жүргізуші ішімдік ішіп, рөлге отырған, 37-сі жолдың қарсы бағытына шығып кеткен. Сонымен бірге, жаяу жүргіншілерге жол бермегендері де бар. Жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін 260 жаяу жүргінші әкімшілік жауапқа тартылды.

«Қауіпсіз жол» акциясы аясында «Жолда қабылдау» іс-шарасы өтіп жатыр. Әкімдіктерге үй жануарларын жарық шағылыстырғыш элементтері бар затпен қамту, жол бойына мал жаюға тыйым салу туралы нұсқама берілді.


Соңғы жаңалықтар